Жарияланды: 07.08.2020

ШЫМКЕНТ: ІНДЕТПЕН КҮРЕСУДІҢ 3 НҰСҚАЛЫ ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛДІ

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен шаһар басшысының орынбасары Мақсұт Исахов брифинг өткізіп, эпидемиологиялық жағдай мен қоғамдық көлік тасымалын дамыту жоспары туралы айтып берді.

Шыңғыс Жұмабекұлының мәлімдеуінше, індеттен жазылып шыққандар мен ауру жұқтырғандар саны Шымкентте анағұрлым төмендеген.
– Қалада 5700 адам вирус жұқтырса, солардың 3831-і жазылып шықты. Стационарда ем қабылдап жатқандар 2882-ден 645-ке азайды. «Жедел жәрдем» шақыртулар да 2320-дан 1200-ге төмендеді, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ол індетке қарсы күрестің 3 нұсқалы жоспары бекітілгенін жеткізді. Аурудың өршу дәрежесіне қарай аталмыш жоспарлар іске асырылатын болады.
Мұнан соң қала әкімінің орынбасары М.Исахов сөз алып, қоғамдық көлік саласын жақсартудың алдағы жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, биылғы қараша айына дейін шаһардағы барлық жолаушы тасымалдаушы көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді. 78 бағыт бойынша қызмет көрсететін қоғамдық көлік компаниялары түгел субсидия алатын болады. Және де автобустардың 90 пайызы жаңартылады. Жуырда қалаға 590 жаңа автобус әкелінеді. Бұдан бөлек 10 шақырым веложол салынып, оның жалпы ұзындығы қалада 20 шақырымға ұзармақ.

714 қаралым