Туризм арқылы қазына қазанын қомпайтып отырған Түркия үшін елге ағылған әрбір турист маңызды. «Тарының қауызына сыйдырғандай» тәждітажал былтырдан бері біраз елді әбіржіткені белгілі. Дегенмен тасын түртсең тарихтан сыр шертетін, теңізі шалқыған, сұлу табиғатымен тамсандыратын Түркияға туристер легі әлі де толастамақ емес.
Экономиканың негізгі драйвері саналатын туризм Түркия үшін аса маңызды салалардың бірі. Сондықтан да осы салаға көптеп көңіл бөлінеді. Жуырда Түркітілдес журналистер қорының төрайымы Нәзия Жоямергенқызының ұйытқы болуымен Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің ұйымдастыруымен «Қауіпсіз туризмді сертификаттау» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан және Қырғызстан елдерінің тілшілеріне арнайы тур ұйымдастырылды.
Тілшілерге арналған турдың бағдарламасы аса тығыз әрі қызықты етіп өріліпті. Түркияның тарихқа бай асыл мұраларын көрсетуден бөлек, қауіпсіз туризм бағдарламасын насихаттау да негізгі бағыт болып табылады.
Сапарымыздың үшінші күні Түркияның Туризмді насихаттау және дамыту агенттігінің мүшесі Эркан Йаккы мырзамен онлайн конференция ұйымдастырылды. Эркан мырза «Қауіпсіз туризмді сертификаттау» бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп өтті. Екі ел журналистерінің сұрақтарына жауап берді.
2019 жылы Түркияға дүниенің түкпір-түкпірінен 50 миллионнан астам турист келіпті. Ал 2020 жылы тәждітажалға байланысты 16 миллион туристі қабылдаған. Ал биыл арнайы қабылданған бағдарламаға сай 32 миллион турист келеді деп жоспарланып отыр екен. Ел экономикасын қомақтыландыратын қаржының 60 пайызы да осы туризм саласынан түсіп отырғанын тілге тиек етті.
Түркияда туризм саласында қызмет көрсететін барлық мамандарға коронавирусқа қарсы екпе егу шарасы әлдеқашан басталып та кеткен. Өйткені қауіпті індеттің бетін қайтаруға аталмыш шара ғана тосқауыл болатынын әлем мойындағалы қашан.
Аталмыш науқанды «Қауіпсіз туризмді сертификаттау» бағдарламасы шеңберінде Түркия Мәдениет және туризм министрлігі, Түркия Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркия Туризмді насихаттау және дамыту агенттігі (TGA) мойнына алып отыр.
Туризмді насихаттау және дамыту агенттігі туралы (TGA)
Аталған Агенттік ел экономикасына салынатын туристік инвестициялар көлемінің артуына сеп болды. Сондай-ақ, Агенттік ішкі және халықаралық туризмді дамыту, материалдық, материалдық емес табиғи, мәдени, биологиялық және қолөнершілер мұрасы, туризм саласындағы қысқамерзімдік-ұзақмерзімдік маркетингпен айналысады.
«Қауіпсіз туризмді сертификаттау» бағдарламасы
Саланың маңызды секторы үшін арнайы қабылданған бағдарлама тамақ, сусын бизнесі, көлік және тұрақ орындарын қоса алғанда, мекеме, жергілікті және шетелдік қызметкерлер мен қонақтардың денсаулығын сақтау мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін кең ауқым бойынша бірқатар іс-әрекеттерді анықтайды.
«Қауіпсіз туризм бағдарламасын сертификаттау» жобасы 2020 жылдың маусым айында бекітіліпті. Содан бері Түркия денсаулық пен қауіпсіздікке қатысты барлық ережелерді қатаң ұстануда. Бетпердесіз көшеге шықпау, арақашықтықты сақтау, адам көп шоғырланатын орындарға бармау басты қағидалардың бірі. Ал кешкі сағат 20:00-ден кейін көшеге себепсіз шықпайтындай коменданттық сағат енгізілген. Дегенмен елге келген туристерге мұндай шектеу шараларының қатысы жоқ. Әрі осы уақытқа дейін тәртіп бұзған туристер тіркелмепті. Айыппұл арқалағандар да жоқ.
Туризм маусымы ашылар алдында Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі елдегі туристік нысандар жыл он екі ай бойы ашық болуы үшін барлық жағдайды жасауда. Туризм саласында қызмет көрсететін барлық мамандарға екпе егуді жоспардан жоғары орындап отыр. Қазіргі уақытқа дейін 11 миллионнан астам адамға вакцина егілген және сәуір айының аяғына дейін 50-60 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр екен.
Ең алдымен «Қауіпсіз туризмді сертификаттау» бағдарламасына тіркелген барлық қонақүйлер, мейрамханалар, туристік агенттік қызметкерлері, гидтер қамтылған. Одан бөлек, туристер баратын тарихи орындарда қызмет көрсететін мамандар да назардан тыс қалмаған.
Бағдарламаға сәйкес елдегі 30 және одан да көп бөлмесі бар ғимараттар сертификат алуға міндетті. Бүгінде осы бағдарлама бойынша 8 мыңнан астам нысан сертификатталған. Алдағы уақытта олардың қатары арта түспек. Өйткені сертификатталмаған нысандарға жұмыс жүргізуге мүмкіндік берілмейді.
Түркияда талапқа сай кез-келген тамақтану орындары бір реттік ыдыстарды пайдаланады. Тіпті ас атасы нанға дейін арнайы пакетке салынған. Тамақ тасымалдаушы — қасық, шанышқыға дейін әдемі қорапшаларға оралып беріледі.
Осы орайда, «туристерді қабылдап отырған алыс ауылдардағы туристік нысандар да сертификаттаудан өткен бе?» деген сауал тасталды. Эркан мырза «елдегі кез-келген туристік нысанның назардан тыс қалмайтынын, барлығы да сертификаттаудан өтетіндігін» мәлімдеді.
Оның үстіне ПЦР тестсіз, бірде-бір азамат түрік еліне табан тірей алмайды. Сондай-ақ, елден шығарда да әлбетте арнайы тест тапсыртқызады. Бұл да бағдарламаның басты талаптарының бірі. Елге келген әрбір туристің, оларға қызмет көрсететін ел азаматтарының тәждітажалдан аман болуын көздейтін бағдарламаның басқы ұстанымы да осы.
Гүлжан Көшерова