Жарияланды: 24.07.2018

Агросала екпінділерін қажырлы еңбекке үндеді

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында егін ору науқаны басталғанына көп бола қойған жоқ. Диқандар жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түсуде, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы. Техника сайма-сай. Жанар-жағармай жеткілікті. Ендігі міндет – егін орағы науқанын лайықты атқару. Айту керек, биыл аймақта 14 мың гектар жерге бидай, 6 мың гектарына арпа, 11 800 гектарға мақсары егілген.«Нұрдәулет» шаруа қожалығының 3000 гектар жері бар. Кемеқалған ауылдық округіне қарасты егін алқабында дала дүбірі үлкен салтанатпен аталып өтті. 30-ға жуық адам астықты шашпай-төкпей жинап алуға мүдделі. Шаруа қожалығы бидай, жоңышқа, бау-бақша егетіндіктен, жұмыс күшіне жалақыға қосымша осы өнімдерді таратып береді. Әзірге бидайдан әр гектарына 20 центнерден, арпадан 18 центнерден өнім алуда.Заулат Қайтбиев – жеке кәсіпкер «Біздің шаруа қожалығында 3000 –нан астам жер бар. Оның ішінде егістік, жоңышқа және бау-бақша егеміз, қызанақ, қияр. Ұжымда 30-ға жуық жұмысшы бар. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған 100 мыңдай жалақылары бар». Биылғы науқан шаруалар үшін ырысты болғалы тұр. Көктем жауын-шашынды болып, өнім бітік шықты. Мемлекеттен бөлінетін жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш та уақытылы қолға тиді. Шаруа қожалығы меншігіндегі 5 комбайн мен басқа да агротехника ақаусыз жұмыс істеп тұр.Сержан Дүйсебаев – Төлеби ауданы әкімінің орынбасары «Ауданымызда 20 мың гектар егістік егілген болатын. 14 мың гектары бидай, 6 мың гектары арпа, 11 800гектары — мақсары. Ауданда егіс орағы басталды.  Жылда осы Кемеқалған ауылдық округінен басталған. Қазіргі таңда комбайндар толығымен жұмыс жасауда» .Ордабек Абдукаимов – Ленгір қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы «Аудандағы қуанышты сәттің куәгері болып отырмыз. Мына егін орақтың басталуы, бұған қазақ әр уақытта қатты мән берген. Астың үлкені – нан. Нанды қадірлеген сәтте қуанышта тұрмыз. Астық мол болсын». Алғашқы егін ору науқанына аудан билігіне қарасты бірнеше бөлімнің өкілдері қолдау білдіріп, арнайы келді. Ақсақалдар ақ батасын беріп, агросала екпінділерін қажырлы еңбекке үндеді.

А Байзахова

 

1 078 қаралым