Жарияланды: 25.12.2021

Дронмен түсірілген видеоға сүйеніп, айыппұл салуға немесе жүргізуші куәлігінен айыруға бола ма?

Полиция кейде жолдағы қозғалысты әуеден бақылайды. Бірақ олардың төбеден түсірілген материал негізінде ереже бұзған жүргізушіні жазалауға құқығы бар ма?

Әр облыстың тәртіп сақшылары жылына бір немесе бірнеше мәрте жолдағы қозғалысты бақылау үшін квадрокоптер қолданғанын хабарлайды. Дрондар бір апта, кейде бір ай рейд жүргізіп, полицейлер ереже бұзған азаматтарды анықтағаны жайлы есеп беріп жатады. Содан кейін бәрі тынышталады.

Негізі жолдарды дронмен бақылауға ешкім тыйым салмайды. Дегенмен әуеден түсірілген видеоға сүйеніп, айыппұл салуға немесе жүргізуші куәлігінен айыруға (мысалы, қарсы жолаққа шыққаны үшін) полицейлердің құқығы бар ма? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.

Әкімшілік кодекстің 802-бабына сәйкес, сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдары мен бақылау аспаптарының көрсеткіштері әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіз бола алады, деп хабарлайды eltumar.kz ақпарат порталы kolesa.kz. сайтына сілтеме жасап.

Дронды бақылау аспабы деп санауға болады, бірақ бұл мәселеде «сертификатталған» деген сөз маңызды. Яғни, квадрокоптер мен оларға орнатылған камераны әуеге ұшырудан бұрын ереже бұзу әрекетін тіркеу үшін метрологиялық тексеруден өткізу керек. Бірақ Әкімшілік кодекстің 31-бабында көрсетілген, ҚР Мемлекеттік өлшем жүйесі тізілімінің «Метрологиялық аттестациядан өткен өлшем құралдары» бөліміне сай келетін дронды қанша іздесек те, таба алмадық.

Демек әуеден бақылау арқылы алынған айғаққа сүйеніп, жол ережесін бұзғандардың үстінен әкімшілік іс қозғауға болмайды. Өйткені мұндай материалды жүргізуші кінәсінің дәлелі ретінде пайдалану Әкімшілік кодекс талабын бұзған болып саналады және деректің анықтығына кепілдік бермейді (ҚР ӘҚБК 765-бабы 3-бөлігі. Дрон сертификатталмаған).

Квадрокоптерді ғылыми-техникалық құралдар қатарына жатқызу мүмкін емес. Бірнеше жыл бұрын, видеожетон жоқ кезде полицейлер ереже бұзғандарды смартфонға түсіріп жүрді, олар бұл әрекетін телефон арқылы жолды бақылау және сотта бейне және фотосурет көрсетуге құқылы екенімен түсіндірді. ҚР ӘҚБК 778-бабы 2-бөлігінде «егер заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе, ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға рұқсат етіледі» деп көрсетілген. Ал кодекс бойынша жоғарыда айтқанымыздай, тек сертификатталған жабдықты пайдалануға рұқсат етіледі. Мұнда дрон туралы айтылмаған.

Әрине, жол ережесін бұзу туралы істі қараған кезде квадрокоптермен түсірілген видеоны есепке алу не алмау сот құзыретіндегі мәселе. Бірақ жауапқа тартылған жүргізуші құрылғының сараптамасын және ол түсірген суреттерді талап етуге құқылы. Жоғарыда біз келтірген Әкімшілік кодекс талаптарына сілтеме жасай отырып, сот шешіміне қарсы шағымданса болады. Мұнда кәсіби заңгердің көмегіне жүгінген жөн.

 

Авторлары: Алексей Старков және Бахыт Касымбеков

 

2 353 қаралым