Жарияланды: 08.01.2022

Шымкент: Көрме орталығын өртеп жіберді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде орын алған лаңкестік жағдайлардан соң республика көлемінде 5-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай режимін жариялады.

 
Шымкент қаласына жасалған лаңкестік және жаппай бұзақылық әрекеттерге байланысты қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен арнайы штаб құрылды. Қала әкімінің басқаруында барлық құқық қорғау органдарының басшыларын қамтыған штабтың дер кезінде шығарған шешімдері мен іс-әрекеттерінің нәтижесінде мегаполистегі ешқандай стратегиялық маңызы бар нысандар лаңкестердің басып алуына мүмкіндік бермеді.
 
Соңғы екі күнде содырлардың негізгі мақсаты қала әкімдігін басып алу болған-ды. Дегенмен «Түркістан» сарайы, «Көрме» орталығы (толығымен), Ж. Шанин атындағы драма театрына әр түрлі деңгейде зиян келтірді.
 
Одан бөлек, «Метро» сауда орталығына басып кіріп, барлық спирттік ішімдіктер мен энергетикалық сусындарды алып кеткен. Сауда орталығының ішін қиратып, екі жерде өрт шығару әрекетіне барған және банкоматтар тоналған.
 
Сол күндері лаңкестер көптеген полиция автокөлігі мен қоғамдық автобустарды жағып жіберді.
Қазіргі таңда қаламызда жағдай тұрақты және бақылауда. Тұрғындардың тыныс-тіршілігі үшін керекті барлық құрылымдар өз жұмысын толыққанды атқаруда.
 
Қала әкімі зардап шеккен нысандардың барлығын аралап, материалдық шығындарды анықтау үшін құрылған арнайы комиссияға нақты тапсырмалар берді. Алдағы 10 күн ішінде жалпы шығын мөлшері анықталатынын атап өтті.
 
«Қаламыздағы қауіпсіздік пен тыныс-тіршілік үшін керекті барлық жұмыстар бақылауымда. Қаладағы қоғамдық көліктер мен бизнес нысандары штаттық режимде жұмыс жасауда. Антитеррор іс-шарасы жүргізіліп жатқандықтан, қала тұрғындарын барынша үйден шықпауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамын. Жастарымыз түрлі арандатушылыққа жол бермей, сабырлық танытуы керек. Қала тұрғындары мен қонақтарын комменданттық тәртіпті сақтауға шақырамын», — деді Мұрат Әйтенов.
 
Қоғамдық тәртіпсіздікті туындатушылардың басым бөлігі жастар болғандықтан, ата-аналардан балаларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, назардан тыс қалдырмауын сұраймыз.
 
 
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
1 033 қаралым