Жарияланды: 22.01.2022

Журналистті өлтіруге тапсырыс берген шенеуніктің кім екені белгілі болды

Түркістан облысында журналисті өлтіруге тапсырыс берген шенеунік ұсталды. Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов өзі туралы мақала жазғыш Амангелді Батырбековті атуға адам жалдаған. Ол үшін қол астындағы қызметкерге қомақты ақша да беріпті, деп хабарлайды КТК.

Түркістан облысында журналисті өлтіруге тапсырыс берген шенеунік ұсталды Түркістан облысында журналисті өлтіруге тапсырыс берген шенеунік ұсталды. Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов өзі туралы мақала жазғыш Амангелді Батырбековті атуға адам жалдаған. Ол үшін қол астындағы қызметкерге қомақты ақша да беріпті.

 Бірақ делдал қызметін атқарған адам қылмысқа жас жігіттерді тартқан. Сондықтан киллер шатасып, тілшінің баласын атқан. Көп ұзамай ұсталған жалдамалы жендет тапсырыс берушінің кім екенін жайып салған. Осы оқиға бойынша қазір шенеунікпен қосқанда бес күдікті қамауға алынды. Қанды қылмыстың жай-жапсары: Сарыағашта газет ашып 10 жылдан бері аудандағы түйткілді жазып жүрген Амангелді Батырбеков баласынан айрылып қала жаздады. Жергілікті журналистің үйіне кешқұрым бетперде киіп келген адам мылтық кезенген. Бірақ қараңғыда тілшінің орнына шатасып ұлын атып жіберген. Бірақ бір ажалдан аман қалып, он шақты күн ауруханада жатқан Дінмұхамед Батырбековтің денесінде әлі бірталай бытыра жүр. Әкесінен аумайтын жігітті киллер шатастырды деп санайды жәбірленуші.

Дінмұхамед Батырбеков, жәбірленуші: — Шолақ мылтықты шығарып көздеймін дегенше, екі қадам жасаймын дегенше, атты. Бір метрге ұштым. Есіктен шықтым, есіктен шыққан соң ол мына жерден қуды. Мен былай қарай қаштым. Арғы беттен шығып тағы бір рет атты. Ол артыма тиді. Бір бес секундтай қарап тұрды да, ол мен жаққа барып қансырап тұрғанымды көрді. Көп қан кеткеннен кейін өледі-ау деген кезде бұрылды да, қашып кетті.

Журналист Амангелді Батырбеков қастандық ұлына емес, өзіне жасалғанына сенімді. Тіпті тапсырыс берген аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов болуы мүмкін деп бірден жазған еді. Себебі шенеуніктің жемқорлық былықтарын 8 жылдан бері ашық жазып жүргенім үшін сатып та алмақ болды, талай мәрте қоқан-лоққы да көрсетті дейді. Сарыағаш ауданынының бас мұғалімі туралы сын мақаланы қарашада жазған екен. Яғни шенеунікке тиесілі балабақшаға 40 миллион бөлдіргенін жазған соң шыдамы таусылған болуы мүмкін дейді.

Амангелді Батырбеков, журналист: — Бауыржан Майрихов бойынша мен бес-алты мақала жаздым, одан да көп мақала жарияладым, Майриховқа қатысты Ал посттарды санаған жоқпын. Өте көп, фейсбук желісінде және тақырыбы айқайлап тұрады. Мысалы, Сарыағаш ауданындағы білім бөліміндегі мафия-1, мафия-2, мафия-3. Бірақ ол мемлекеттік қызметкер ретінде ешқашан мені сотқа бере алмады. Өйткені ол жерде дәлелмен жазылады.

Ұлы ауруханаға түскен бойда полицейлерге күдігі туралы айтып берген журналистің долбары дәл шықты. Тілшіден құтылу үшін шенеунік өзінің қол астында істеген танысына қомақты ақша ұсынып, жалдамалы жендет табуды тапсырады. Ол өзге таныстарына шығып ақшаның бір бөлігін береді. Бірақ қылмыстың өзін шала істеп қашқандар ақыры ұсталып, тапсырыс берген шенеунік те әшкереленді.

Қайрат Дәлбеков, Түркістан облысы ПД бастығы: — Шенеунік журналистің өмірін 5 миллионға бағалаған. Яғни орындаушылар тапсырма орындап, қылмыстың ізін суыту үшін Шардара арқылы Арыс қаласы, Арыстан ары қарай Шымкентке жеткен. Айғақты зат ретінде жеңіл «ВАЗ» автокөліктері алынды. Оны қылмыстық жолмен тапқан ақшаға алынғаны дәлелденді. Сонымен қатар 16-шы калибрлі патрондар алынып отыр.

Ал басшысыз қалған Сарыағаш аудандық білім бөліміндегілер тым үрейлі. Бауыржан Майрихов туралы оң, не теріс пікір айтатындар табылмады. Кабинеті де бірнеше күннен бері құлыптаулы. Енді қамақтағы шенеуніктің орнына жаңа басшы келуге тиіс. Аудандық білім бөлімін  бес жылдай басқарған Бауыржан Майрихов тапсырыс алған төрт азаматпен бірге қамауда отыр. Қазір ұсталғандарға қатысты «адам өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

 

1 192 қаралым