Жарияланды: 01.03.2022

Балалар он ай оқуға дайын ба? — журналистік зерттеу

Жуырда кәсіпкер Айдын Рахымбаев мектеп оқушыларының 3 айлық жазғы каникулын қысқарту жайлы бастама көтерді. Бизнесменнің айтуынша, оқу мерізімін ұзарту балалардың терең білім алуына ықпал етеді. Кәсіпкер бұл ойын ҚР премьер-министрі мен Білім министрлігі қолдағанын да хабарлаған. Ал министрлік аталған жоба әлі де зерттеуді қажет ететінін мәлімдеді. Кейбір сарапшылар болса, бір жылға жуық оқу – бала жүйкесіне салмақ салатынын алға тартады, деп хабарлайды экспресс.

Жоба сынақтан өтеді

Қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде 1-класс оқушылары жылына 33 апта, 2 және 11 және 12-класс оқушылары 34 апта оқиды. Оқу жылы 4 тоқсанға бөлінген. Білім министрінің бұйрығына сәйкес, 2021-2022 жылы мектеп тәлімгерлері күзде — 7, қыста — 18, көктемде — 12 және жазда 3 ай каникулға шығады. Орта есеппен оқушы бір жылдағы 365 күнде (жазғы каникулды қосқанда) 130 күндей демалады. Еліміздегі білім берудің мұндай ережесі Кеңес өкіметі кезінен бері қолданыста.

Кәсіпкер А.Рахымбаев «Балалар бір жылда 37-38 апта оқуы керек» дейді. Бизнесменнің пайымынша, 3 ай демалғанның кесірінен бала қыркүйекке дейін жыл бойы алған білімінің белгілі бөлігін ұмытып қалады. Бұл сөзіне ол бірқатар шет елдік білім жүйесін дәлелге келтіреді.

Кәсіпкер каникулды қысқарту жоспарын алдымен мемлекет пен өзіне тиесілі компания қаржысына салынған «Binom school» деп аталатын мектептерде сынап көрмек. Пилоттық жоба оң нәтиже берсе, онда оқу жылы мемлекеттік мектептерде де 9 емес, 10 айға ұзаруы мүмкін.

Тапсырма мен ұсыныс ұқсас

Ал енді оқу жүйесіне мұндай жаңалық керек пе? Сарапшылар пікірі қандай? Бұл ретте психологтар мен ата-аналар не дейді? «Экспресс К» порталы осы және басқа сұрақтарды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына да жолдады.

Былтыр Білім және ғылым министрлігі Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясына оқу мерізімі, оқушы жүктемесі, мұғалім жалақысы және оқу бағдарламасын жаңартуды зерттеуге тапсырма берген. Министрлік каникул төңірегіндегі өзгеріс алдымен талқыланып, ғылыми түрде дәлелденуі қажет деген ұстанымда. Зерттеу қортындысы әлі шықпаған. Яғни, биыл да оқу жылы әдеттегідей 1-қыркүйектен 25-мамырға дейін жалғасады.

Назар аударатын жайт, кәсіпкер Рахымбаев каникулды қысқартуды 2022 жылдың ақпанында ұсынды. Тура осы мәселені министрлік 2021 жылы өткен Тамыз конференциясынан соң көтерген. Соған қарағанда, кәсіпкер ғана емес, Білім және ғылым министрлігі де оқу мерізімін 10 айға ұзартуға бейіл сияқты көрінеді.

«Бұл сандырақ! Бос сөз!»

Қазіргі парламент сенатының депутаты, бұрынғы ұстаз, профессор Мұрат Бақтиярұлы каникул төңірегіндегі әңгімеден хабардар. Ол мұндай өзгерістің пайдасы жоқ деп есептейді.

«Бізде каникул уақыты сонау Совет өкіметі заманында-ақ қалыптасқан. Бұл біріншіден. Екіншіден, жазда оңтүстік пен батыс өңірінде күн 35-40 градусқа дейін ысиды. Ал енді ондай қапырықта балалар қалай оқиды? Үш ауысымды мектеп мәселесін шеше алмай жүріп, каникулды қысқартамыз деп бастама көтеру қисынсыз. Жалпы, білім сапасы каникул мерізімімен өлшенбейді. Көптеген мемлекеттерде балаларға жылына аз күннен болса да, 5-6 реттен каникул беріліп тұрады. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мәтел бар ғой. Яғни, әркім өз ісімен айналыссын. Айдын Рахымбаев мектеп салып, құрылыспен айналысып жүрсе, сол ісін тыңғылықты істесін. Білім саласына мұрнын сұқпай-ақ қойсын. Оның құрылыс компаниясы салған үйлері қымбат дейді. Одан да, соның бағасын арзандатумен айналыссын. Рахымбаев ұсыныс жасаған екен деп, оған ұстаздар назар аударғалы жатқан жоқ. Бұл (каникулды қысқарту) сандырақ. Бос сөз,»— дейді депутат.

Жүктеме азаяды

 
 

Кәсіпкер А.Рахымбаевқа тиесілі «BI group» құрылыс компаниясы тұрғын үйден бөлек, түрлі әлеуметтік нысандар да салады. Астанада былтырдан бері мемлекетпен компания бірігіп 4 «Binom school» мектебін іске қосқан. Оқу ордасының бірі Есілдің сол жағалауында орналасқан. Қыркүйекте жұмысын бастап, 4 мың оқушы қабылдаған жаңа мектептің директоры Құралай Байтәжікова жазғы демалыс жайынан, әлбетте, хабардар. Ол мұндай өзгерістен оқушы да, мұғалім де ұтылмайды деген пікірде.

«Жазғы каникул уақыты азайғанымен, қысқы демалыс күндері көбейеді. Сонда баланың қақаған аязда жаурамай, үйінде отыруына мүмкіндік бар. 2021-жылдан бастап «Binom school» және басқа да көптеген мемлекеттік мектептер 6 күндік оқуға көшкені белгілі. Егер зерттеліп жатқан пилоттық жоба мақұлданса, оқушылар 5 күн оқиды. Сонда сенбі есебінен балалар жылына қосымша 38 күн демалады. Жобаға сәйкес, оқушылардың күнделікті жүктемесін де азайтуға мән бірелген. Мәселен, бүгінгі оқу бағдарламасы бойынша, бірінші кластар күніне — 6, жоғары кластар 7-8 сабақ оқиды. Каникул қысқарса, бастауыштар 4, жоғары кластар 6 сабақ қана мектепте болады. Мұғалімдер әдеттегідей 56 күн демалады. Олардың жалақысы сол күйінде қалады. Бұл өзгеріске мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы керек емес. Біз бәрін есептеп қойдық,» — дейді директор.

Мектеп басшысының сөзінше, алғашында каникулды қысқартуға қатысты жаңалықты ата-аналар қабылдай қоймаған. Соңыра ата-аналар комитетімен жиын өтіп, оларға білімі мен экономикасы дамыған мемлекеттерде балалар азырақ демалатыны туралы мысалдар келтірілген. Осындай дәлелдерден соң баласы сол мектепте оқитын елордалықтардың басым бөлігі жазғы каникулды 2 айға азайтуды қолдаған көрінеді.

Ата-аналар не дейді?

Блогер Аршат Ораз 2021-жылдың күзінде ашылған «Binom school» мектебіне 4 және 7 оқитын екі баласын берген. Ол жаңа оқу ордасының өзіне де, балаларына да ұнайтынын айтады. Алайда, астана тұрғыны жазғы каникул жайлы мектеп басшылығы ештеңе айтпады деп отыр. Аршат демалыс уақыты қазіргідей 3 ай мерізім болуы керек деп есептейді.

«Каникулға реформа жасауға әлі ерте деп ойлаймын. Ол үшін алдымен білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріп, білім сапасы көтерілуі тиіс. Ал қазіргі жағдайда қалыптасып қалған бір жылдағы 18 апталық, оның ішінде 13 апталық жазғы каникул дұрыс. Өйткені, балалардың ғана емес, ата-аналардың да отбасылық немесе жұмыс бойынша жоспары осындай демалысқа қарай бейімделеді. Яғни, каникул тек оқушыға ғана емес, белгілі бір деңгейде ата-аналарға да берілетінін ұмытпау керек,» — дейді блогер.

Астаналық Гүлшат Жұмағалиева көп балалы ана. Оның 10 баласы бар. Ол оқу жылының 10 айға созылуына байланысты бастама хақында таныстарынан естіген. Балалары мемлекеттік орта мектептерге баратын Гүлшаттың сөзінше, айналасындағы көп ана мұндай өзгеріске қарсы. Бірақ оның өзі бастаманы қолдайды.

Көп балалы ана

 

Гүлшат Жұмағалиева

 

«Оқу мерізімін ұзарту балаға берілетін білім сапасына әсер етеді дегенмен келісемін. Ол дұрыс. Себебі, барлық ата-ана жазда үш ай бойы баласын қыдыртып, демалдыра алмайды. Бәрінің бірдей баласын қосымшаға беруге де жағдайы жоқ. Демалыс дегенмен, ол уақыт босқа өтеді. Кей балалар күні бойы далада босқа сандалып жүреді. Қайсыбір балалардың жаман әдетке бой алдырып жатқанын да естіп жатырмыз. Осының бәрі уақыттың көптігінен ғой. Одан қайта, бір мезгіл мектепке барып, кітап бетін ашып, білім алғаны жақсы. Каникул үшін шілде, тамыз айлары да жетеді», -дейді ата-ана.

Баланың жүйкесіне салмақ түспей ме?

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданындағы Есбол Өмірбаев атындағы мектептің оқу-ісінің меңгерушісі, психолог Милана Елеусінова бірнеше жылдан бері оқушының мінез-құлқын зерттеп жүр. Тәжрибесіне сүйенген психолог 10 ай оқу бала жүйкесіне кері әсер етуі мүмкін дейді. Ұстаз онсыз да телефон арқылы-ақ көп ақпарат алатын баланы жазды күндері оқытпай, оның орнына тұлғалық тұрғыда дамытатын үйірмелерге беру керегін алға тартады.

Психолог

Милана Елеусінова

 

«Баланың жыл бойы алған білімін қорытып, сіңіретін уақыты болуы керек. Үш ай каникулды оқушылар демалыс пен өзін дамытуға арнағаны жөн. Ұзақ оқыту мұғалімді шаршатады. Оқушылардың да энергиясы таусылады. Айталық, күніне 6 сабақ оқыған бала 1-4 сабақ арасында айтарлықтай белсенді болады. Ал сабақ соңына қарай, оқушының ақпарат қабылдауы қиындайды. Шет елдің тәжрибесін алуға ұмтыла бермей, бір уақ баланың психологиясын да ойлаған абзал. Бәлкім, бұл бастаманы балалардың ата-ана бақылауынан тыс қалып жүргенін ескеріп, «одан да, сабақ оқысын» деген мақсатпен қолға алып жатқан болар?! Ол бір жағы құптарлық іс. Бірақ оқу мерізімін ұзартып, білім сапасын арттырамыз деген жалған ұран болып шықса, онда бала өзінің басқа қырларын дамытуына уақыт таппай қалуы мүмкін»,- дейді психолог

Өзге елде оқушылар қалай демалады?

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Әлемде оқушылардың оқу бағдарламасы да, каникулы да бір келкі емес. Мәселен, валютасынан бастап, заңдары да ұқсас келетін Еуропа және Еуроодақ елдерінің өзінде оқушылардың каникулында айырмашылық көп. Мәселен, Дания мен Чехияда оқушылар жылына 11-12 апта ғана демалады. Болгарияда мектептер орналасқан аумағына қарай, 14-19 апта аралығында каинкулға шығады. Ал Түркия, Украина мен Ресей балалары бір жылда 18 апта уақытын мектептен тыс өткізеді. 2022-жылы көрші Қырғызстанда оқу 1 қыркүйекте басталып, 9 маусымда аяқталады. Ал Өзбекстандағы оқу жылы 1-қыркүйек пен 25-мамыр аралығын қамтиды.

P.S Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 7 мың 550 мектеп бар. Орта білім ордаларында 3 миллион 600 мың шамасында оқушы оқиды. Мұғалім саны 338 мыңға таяу. Елімізде мектеп жетіспеу мәселесі өзектілігін әлі күнге жойған жоқ. Салдарынан республикадағы 147 мектепте балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр.

Өркен Жоямерген

1 303 қаралым