Жарияланды: 03.03.2022

Республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары 59 білім грантын жеңіп алды

Шымкентте жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауы аяқталды. Зияткерлік сайыстың жеңімпаздары қазақстандық жоғары оқу орындарына білім гранттарын жеңіп алды. Сонымен қоса, ең үздік үш жоба АҚШ-та ISEF-2022 Дүниежүзілік ғылым және технологиялар көрмесінде ұсынылады.

Естеріңізге сала кетейік, ғылыми жобалар байқауының қорытынды кезеңі 21-25 ақпан аралығында өтті. Байқаудың үш кезеңінің қорытындысы бойынша 9-11 сынып аралығындағы 748 бала республикалық турға өтті, оның ішінде 87 оқушы ауылдық жерлерден.

«Жыл сайын мектеп оқушылары арасында ғылыми жобалар байқауы танымал болып келеді. Мысалы, биыл байқаудың бірінші кезеңіне 27 мыңнан астам бала қатысты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда шамамен тоғыз мыңға артық. Мұндай сайыстар балаларымызға өз пәндерін тереңдетіп оқуға, топта жұмыс істеуге, өз мақсаттарын жүзеге асыруға, әлеуметтенуге және басқа аймақтардан жаңа достар табуға көмектеседі. Байқау Шымкентте дәстүрлі форматта өтіп, балалардың барлық жобасы бір залда орналастырылды. Барлығы 16 секция болды», — деп айтты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов.

Қазылар алқасының шешімімен 336 мектеп оқушысы зияткерлік сайыстың жеңімпазы атанды. Оның ішінде 66 қатысушы І дәрежелі дипломдармен және ҚР БҒМ алтын медальдарымен, 100 қатысушы ІІ дәрежелі дипломдармен және күміс медальдармен марапатталды. Байқаудың 175 қатысушысы III дәрежелі диплом мен қола медальға ие болды. Сондай-ақ 68 қатысушы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен марапатталды.

Сонымен бірге 59 бала Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті және Шәкәрім атындағы университеттің білім грантын жеңіп алды.

 

Айта кетейік, 26 гранттың иегері ауыл мектептерінің оқушылары атанса, бір грант ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға берілді.

931 қаралым