Жарияланды: 04.03.2022

Мұғалімдік жұмысқа тұрғызып беремін деп, 1 млн. теңге алған…

Түркістан полицейлері тұрғынды алдаған балабақша қызметкерін анықтады. Түркістан қалалық Полиция басқармасына алаяқтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданды.

Жәбірленуші әйелдің айтуынша, сырттай танысы «мектепке мұғалім қызметіне орналастырып беремін» деп уәде беріп, ақысына 1 000 000 теңге ақша алған. Арадан 8 ай уақыт өткенмен, жәбірленуші не жұмысқа орналаспай, не берген ақшасын ала алмаған. Осылайша алаяққа алданғанын түсінген тұрғын полицейлерден көмек сұрады. Аталған жайт ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Ақпарат алысымен шұғыл-іздестіру іс-шараларын жүргізген түркістандық қырағы тәртіп сақшылары осы жайтқа қатысы бар күдіктінің жеке басын анықтады. Оны тәулік ішінде тұрғылықты мекенжайынан ұстап ПБ-ға жеткізді. Бүгінде өз кінәсін мойындаған күдікті әйелге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Анықталғандай, күдікті бұрынғы балабақша меңгеруші болып шықты. Ол балаларын балабақшаға алып келген тұрғынды, жұмысқа орналастырып беремін деп сендірген. Осылайша меңгеруші тұрғынның ақшасын алдап алған соң, байланыссыз кеткен.

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер, сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз.

825 қаралым