Жарияланды: 12.03.2022

Мұғалімді балағаттаған оқушыны қандай жаза күтіп тұр?

Әлеуметтік желіде мұғалімге дауыс көтеріп, балағаттаған оқушының видеосы тарап кеткен болатын.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Алматы облысы Талдықорған қаласындағы №4 мектепте болған оқиғаға қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды eltumar.kz

«Аталған оқиға Алматы облысы Талдықорған қаласындағы №4 мектепте болған.  11 наурыз күні биология сабағында 2005 жылы туылған оқушы мұғаліммен қатты дауыспен балағат сөздер айтып сөйлескен. Мұғалім Талдықорған қаласының полиция бөліміне арыз жазған.

Қазіргі таңда оқушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды.
 
Естеріңізге сала кетейік, кәмелетке толмаған балалардың іс-әрекеттері үшін ата-аналардың жауапкершілігі қарастырылған.
 
Осы іске байланысты оқушының ата-анасын жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар белгіленген тәртіппен оқушыны есепке қою және оған психологиялық көмек көрсету туралы мәселе де қаралады.

Айта кетейік, мұғалімдерге деген мұндай көзқарасқа жол берілмейді. Тек мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да балалармен қоғамда өзін қалай ұстау керегі туралы әңгімелер жүргізуі маңызды», делінген ҚР БҒМ баспаөз қызметі таратқан хабарламада. 

1 816 қаралым