Жарияланды: 28.07.2018

Сыртқы нарыққа саудалауда

Түркістан облысында қауын, қарбыз егетін шаруашылықтар жетерлік. Жазы тым ыстық болатын Түркістан, Ордабасы, Мақтарал, Сарыағаш, Жетісай өңірлері нағыз қауын қарбыздың отаны деуге болады. Әсіресе Мақтаралдың дәмі бал татитын қауын қарбызы өзге аудандардан озық. Биыл Мақтааралда қауын-қарбыз ерте пісті. Ерте пісетін бақша дақылының түрін еккен шаруалар бүгінде 55 тонна қауын, 45 тонна қарбыз жинап, алғашқы өнімін Ресейге жөнелтуде, деп хабарлайды ernur.kz. Мақтарал ауданында бақша өнімдері былтырғыға қарағанда жарты айға ерте пісіп отыр. Биыл ауданда жалпы 19 500 гектарға қауын, 8 мың гектардан астам жерге қарбыз егілген. Оның ішінде ерте егілген бақша дақылдарының көлемі 13200 гектарды құрайды. Қарбыздан алғаш боп өнім алған «Әбіш-ата» шаруа қожалығы 20 тонна өнімін сыртқы нарыққа шығарып отыр. Қарбыздың келісін биыл былтырғыға қарағанда қымбат. Аталған қожалық 3 гектар жерге егілген қарбыздың гектарына 30 тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр. Мақтарал ауданының негізгі күнкөрісі егіншілік. Сондықтан мақтаралдық диқандар көктемнің әрбір күнін тиімді пайдалануды ойлайды. Екі қабатты пленкаға ерте пісетін қауын-қарбыз, баклажан, болга бұрышын егеді. Бүгін міне, қарбыздың алғашқы өнімі Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтілді. Биыл мақтаралдық шаруалардың өнімі өтімді әрі өнімді болады деген сенім мол. Былтыр мақтаралдық шаруалар  631 мың тонна бақша өнімдерін өндірген болатын. Биыл да өнім мол болады деген сенім бар.

1 216 қаралым