ҰБТ тапсырмаларының құрылымына да өзгерістер енгізіліп, дұрыс жауап нұсқаларының саны қысқартылады
Келер жылы Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде «Қазақстан тарихы» пәнінің бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Спутник.
«Биыл да түлектердің және сарапшылардың пікірін ескере отырып, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша өзгерістер енгізілді. Келесі ҰБТ-дан бастап талапкерлердің білімін терең бағалау мақсатында «Қазақстан тарихы» пәнінің бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы (20 балл) болады», — деп хабарлады Емелбаев.
1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары,
11-ден 20-ға дейін – контекстіге негізделген тапсырмалар (5 сұрақтан 2 мәтін).
«Оқу сауаттылығы» тест тапсырмаларының саны мен формасы да өзгеріске ұшырайды. Енді талапкерлерге 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы (15 балл) беріледі
Оның айтуынша, жыл сайын Ұлттық тестілеу ортылығы ҰБТ сұрақтарының сапасын одан әрі жетілдіру мақсатында көптеген жұмыс жасайды.
«Сонымен қатар ҰБТ тапсырмаларының құрылымына өзгерістер енгізуді жөн санадық. Нәтижесінде, бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайтылады», — деп мәлімдеді Ұлттық тестілеу орталығының басшысы.
Емелбаевтың пікірінше, бұл шешім талапкерлерді бағалаудың жоғары объективтілігін қамтамасыз етіп, нақты статистикалық талдау жүргізуге мүмкіндік береді.