Түркістан облысына қарасты Сарыағаш аудандық жастар ресурстық орталығы мен адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Түркістан облысы департаментінің Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасында «Мен елімнің қорғанымын» атты ашық есік күні өткізілді. Патриоттық іс-шараға аудандағы білім беру мекемелерінің жоғарғы сынып оқушылары мен арнаулы оқу орнының студенттерінен жиналған 150—ге жуық жас қатысты.
Ашық есік барысында Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасының бастығының орынбасары М.Рысдаулетов сөз алып, жастарды әскери борышын өтеп жүрген азаматтардың қызметтегі тұрмыс-тіршіліктері, әскери техникалары мен қару жарақтардың қолданылу әдістерімен, әртүрлі шабуыл және қорғану жағдайындағы киім үлгілерімен және кинологтардың міндетімен таныстырып, жастардың әскерге баруға, отанды қорғауға деген қызығушылықтарын арттыру негізгі мақсат болып табылатынын түсіндірді. Іс шараға қатысушы жастардың әскери академияларға түсуіне үлкен ықпалын жасап, үлкен өмірге баспалдақ болуына септігін тигізеді. Әскери қызметшілер заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери машиналар мен байланыс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы жастарға айтып берді. Сондай-ақ, шекарашылар жастарға шекара қызметі туралы бейнероликтер көрсетті.
Бұл ашық есік күнінде жастардың патриоттық сезімдерін оятуға, әскери өмірге қызығушылықтарын арттыруға және отанды қорғауға ынталандырады.