Жарияланды: 24.11.2022

Жүргізушілерге сақ болуды ескертеді

Ауа райы салқындап, күн суытқан соң жолда жүргенде абай болған абзалырақ. Бүгінде тәртіп сақшылары да осыған байланысты ескертпелер жасап жатыр. Ауа температурасының төмендеуіне, жауын-шашын көп болуына байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолдарда қиын жағдай туындауы мүмкін екенін ескертеді. Себебі мұндай ауа райында көлік құралын басқару күрделене түседі, яғни апаттар болу ықтималдығы артады. Сондықтан жауын салдарынан жол үстінде болатын көктайғақта жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет.

Осыған орай Түркістан облысы ПД Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Алматы-Ташкент-Термез» тас жолының Түлкібас ауданы аумағы, сондай-ақ осы республикалық трассаның Қазығұрт ауданы аумағынан өтетін «Сарыағаш –Шымкент» бағыттарында барынша абай болыңыздар деп ескертеді.

Одан бөлек «Шымкент-Самара»,«Түркістан-Шымкент», «Жібек жолы-Сарыағаш-Жетісай» тас жолдарында да ауа райы күрт өзгеруде. Сондықтан полицейлер ең алдымен автокөліктерді қысқы маусымға дайындап, жазғы дөңгелектерін ауыстыруға шақырады.

 

309 қаралым