Жарияланды: 25.11.2022

Есірткі қылмысына жол жоқ…

 

Дені сау жас — ел ертеңі, алтын діңгек! Ал қылмысқа бой алдырмаған жастың болашағы жарқын. Жастардың зиянды әдеттен аулақ болып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Кентау қалалық емханасының нарколог және СӨСҚ дәрігері мен психолог мамандары Ә.Молдағұлова атындағы 19 мектептің оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында нарколог дәрігер Әсем Смаилова оқушыларға есірткі, алкогольдік заттардың адам денсаулығына зияны туралы баса айтып, зиянды әдеттен бойын аулақ ұстауға шақырды. Әсіресе есірткі тұтыну денсаулыққа зиян болса, есірткі қылмысымен айналысу болашағыңа балта шабу екендігін де сөз етті. Есірткіні сақтау, оны сату, өткізумен айналысу аса ауыр қылмыс түріне жататынын да тілге тиек етті. Денсаулықтың жайы бір бөлек, болашағыңның тамырана балта шаппау да өз таңдауы екендігін жеткізді. Психолог маман оқушыларға психикалық денсаулық жайында айтып, тренингтер өткізді.

Жалпы, ішімдік ішкен кезде қанға тез сіңіп, ағзаға күшті әсер етеді. Ішімдіктің әсерінен адамның ықыласы кеміп, байқампаздығы тежеледі, қимыл үйлесімділігі бұзылып, мінез-құлқында әдепсіздік, желікпелік, дөрекілік пайда болады. Адамды ақылынан ғана ажыратып қоймайтын арақ асқазан жолының кілегейлі қабықшасын зақымдап, қарында, ұлтабар ұшында уытты жара, гастриттің туындауына әкеліп соғады. Миға сіңген спирт жүйке клеткаларын уландырады, одан ойлау қабілеті бұзылып, рухани ауыр халге ұшырайды», – дейді мамандар.

 

452 қаралым