Жарияланды: 25.11.2022

Шардара ауданының прокуратурасы құқық бұзушылық профилактикасын күшейтуге шақырады

 

Түркістан облысына қарасты Шардара ауданы бойынша жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен биылғы жылды салыстырғанда тіркелген қылмыстардың саны -8,2% төмендегенімен (158-ден 145-ге дейін), қоғамдық қауіпсіздіктің деңгейін сипаттайтын қылмыстың негізгі санаттары, әсіресе жеке адамға қарсы қылмыстар бойынша криминогендік ахуалдың нашарлағаны атап өткен жөн.

Атап айтқанда, ауданда аса ауыр және ауыр қылмыстар, оның ішінде, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, үй ұрлығы, сондай-ақ қоғамдық орында есірткі пайдалануға қатысты қылмыстар өскен.

Дегенмен, мал ұрлығына қатысты қылмыстар 50% төмендеген (22-ден 11-ге дейін), жалпы 18 бас жылқы, 21 ірі қара мал ұрланған.

Есептік мерзімде мал ұрлығының басым бөлігі, жайылымда орын алған, себебі азаматтар малдарына тиісті бақылау жасамайды.

Бірдейлендіру мәселесіне де мал иелері қызығушылық танытпауда, соның салдарынан ұрланған малдарды табуда бірқатар қиындықтар туындауда.

Осыған орай, Шардара ауданының прокуратурасы азаматтарды ұрылардың құрбаны болмас үшін малдарына сақ болуға және қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырады.

Ұрлық дерегі орын алған сәтте, оның ізін суытпастан дереу қылмыстық қудалау органдарына хабарлау қажет.

 

 

 

340 қаралым