Жарияланды: 30.07.2018

Ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік мол

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы да, мал шаруашылығы да жоғары деңгейде дамыған аудан. Өңір тұрғындары еңбекқор, істің көзін таба білетін кәсіпкерлері де жетерлік. Әсіресе мал бордақылау шаруашылығы қатты дамып келеді. Бір ғана Қарабұлақ ауылының өзі етпен ішкі нарықты қамтуға толық шамасы келеді. Биылғы жыл басынан бері аудандағы ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемі 12 млрд. теңгеден асып отыр, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Осы есепті кезеңде аймақта 8451 тонна ет, 38 969 тонна сүт, 5511 мың жұмыртқа өндірілген. 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет 127,2 пайызға, сүт 102,9 пайызға, ал жұмыртқа 103 пайызға артығымен орындалды. Жалпы ауданда 917 мал бордақылау алаңдары бар. Аталған алаңдарда бір мезетте 32000-ға жуық бас мал бордақылануда. Қазіргі таңда ауданда 209 770 бас ірі қара, 72 318 бас жылқы, 123 249 бас қой-ешкі, 5059 бас шошқа, 126 469 бас құс бар. Бұдан өзге, Сайрам өңірінде 49 бірлік кооператив құрылған. Олардың құрамында 3000-нан астам мүше бар. Кооперативтердің жалпы ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 13 гектардан асса, мал басы 19 000-ға жуықтайды. Сонымен қатар, биыл аймақта 51 110 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары пісіп жетіліп, жоспар 100,6 пайыз орындалып отыр.

1 174 қаралым