Жарияланды: 10.11.2022

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ: ОТАНДЫҚ ӨНЕРКӘСІПКЕ БАСЫМДЫҚ БЕРУ КЕРЕК

«Ауыл» партиясынан Қазақстан Республикасының президенттігінен үміткер Жигули Дайрабаев «Danmard» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында кандидат еңбек адамының рөлін арттыру және елдегі жеңіл өнеркәсіптің мәселелерін талқылады.

Әскер мен өрт сөндірушілерге киім тігумен айналысатын кәсіпорын бүгінде өндірісін дамытып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Кездесуде кандидат өзінің сайлауалды науқаны аясында еңбек адамының рөлі мен маңыздылығын арттыруға баса мән бергенін айтты.

Сонымен қатар Жигули Дайрабаев мемлекеттік тапсырыстардың әділ бөлінуі тиіс екеніне тоқталып, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялар тек импорттық тауарларды сатып алатынын атап өтті.

«Елімізде жеңіл өнеркәсіп дамымаған, онымен айналысатын жеке бөлім жоқ. Экономиканың осы саласын жандандыру және дамыту үшін ұлттық компаниялар отандық өндірісті қолдауы керек. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін үлкен көлемде сатып ала алатын ҚТЖ-ның бүйрегі импортқа бұрып тұрады. Нарықтық экономиканың өз заңдылығы бар, түсінеміз, бірақ бізде отандық өнеркәсіп басымдыққа ие болуы қажет. Ауылдық елді мекендерде жұмыс күші мол. Егер осы мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыта отырып, көптеген мәселені шешіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етер едік», деді кандидат.

711 қаралым