Жарияланды: 01.12.2022

Жоғалған балалар құрылысы бітпеген ғимаратта түнеп шыққан

 

Түркістан қаласына қарасты Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келді. Онда ер адам сағат 10:30 шамасында кәмелет жасына толмаған екі ұлы үйінен шығып, белгісіз бағытқа кетіп қалғандығын көрсетеді. Жақындары өз беттерінше іздегенмен, еш нәтиже шықпаған. Содан соң әкесі полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды.

Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлері жұмылдырылып, іздестіру шаралары жүргізілді. Тәртіп сақшылары үй маңындағы көшелерді аралап, куәлардан сұрастырды. Жасөспірімдердің баруы мүмкін жерлер, дос-туыстарынан жауап алынды. Басқа да қалалық, аудандық полиция бөлімдеріне бағытнамалар берілді.

Атқарылған іс-шара барысында жедел уәкілдер 1 тәулік ішінде Түркістан қаласының орталық базарларының бірінен екі жасөспірімді тауып, полиция бөліміне жеткізді. Табылған екі баланы ата-анасына аман-есен табыстады. Анықталғандай, 14 жасар ұл бала әкесіне ренжіп, таңертеңгісін інісін ертіп үйінен шығып кеткен. Содан Түркістан қаласына келіп, кешкісін базар маңындағы құрылысы бітпеген ғимаратта түнеп шыққан.

Полиция қызметкерлерінің атқарған істеріне риза болған балалардың ата-анасы Сауран ауданының полицейлеріне өз алғыстарын жеткізді. Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Ал, егер де, балаңыз жоғалса тез арада полицияның «102» телефонына хабарласқан жөн.

 

 

338 қаралым