Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Өскемен қаласының тұрғындарымен кездесу кезінде аймақтағы күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселенің бірі – ауаның ластануына қатысты ойын ашық білдірді. С.Тұрсынбекова Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Өскемен, Риддер және Зырян қалалары ауаның ластануы бойынша алдыңғы қатарда тұрғандығын жеткізді.
Экологтер Шығыс Қазақстан облысының өзендерін жоғары және орташа ластану деңгейі бар су ағындары қатарына жатқызатынын атап өтті. Су сапасының бұзылуына ауыр металдар қатты әсер етеді. Шенеуніктер мұндай проблемалардың бар екенін мойындайды, бірақ жағдайды жоюға қаражат жеткіліксіз екенін айтады.
«Еліміздің шығысы – Семей ядролық сынақ полигоны траге-диясының «мәңгілік мұрагері», оның зардаптары әлі күнге дейін халқымызды алаңдатып келеді. Әртүрлі мәліметтер бойынша, Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам сынақтардан зардап шеккен, 300 мың шаршы шақырым жер ластанған. Бұл – орасан зор көрсеткіш. Жергілікті тұрғындар мен туристер кейде осы аумақта орналасқан көлдерде шомылады, Атом көлінің балығын тұтынады», деді кандидат.