Жарияланды: 17.11.2022

САЛТАНАТ ТҰРСЫНБЕКОВА ПАВЛОДАРДА ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар қаласындағы филиалында болды.Орталықта ішімдік пен есірткіге тәуелді азаматтар оңалтудан өтеді.

— Мені осы мәселені жақсы білетін адам ретінде қабылдағандарыңызды қалаймын. Өйткені бұл мәселе жақын адамдарымның да өмірінде болды. Барша қазақстандықтардың басында мұндай келеңсіз жағдай ешқашан болмағанын қалаймын. Павлодардағы орталыққа осы себеппен келдім. Әрине, біздің аймақтық штаб зауыт, аурухана секілді мекемелерді ұсынды. Бірақ мен сіздердің мәселелеріңізге бейжай қарай алмаймын, елдегі есірткі мен ішімдіктің таралуына байланысты ахуалды өзгерткім келеді, — деді ол.

С.Тұрсынбекова әлемдік және отандық статистиканы еске салды.

— Әлемде психоактивті заттарды белсенді түрде қолданатын шамамен 275 миллион адам бар. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепкер болады. 19 миллион халқы бар Қазақстан үшін есірткі тұтынудың аз ғана көрсеткіші ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде 18,5 мыңнан астам нашақор тіркелген. Оның ішінде 1,5 мың әйел бар, — деді кандидат.

285 қаралым