Мемлекет басшысы өткен жылы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Онда ірі экономикалық әрі саяси реформалар іске асатыны айтылды. Соның бірі – сайлау жүйесін жетілдіру болатын. Биыл өткен сайлауда мәжіліске депутаттар 70 пайыз партиялық тізіммен енсе, 30 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайланды. Сондай-ақ, мәслихатқа депутаттар 50 пайыз партиялық тізіммен, 50 пайыз мажоритарлық жолмен еніп отыр. Ал аудан-қала мәслихаттарына 100 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайлауға түсті. Бұл да сайлау жүйесіндегі елеулі өзгеріс болды.
Сайлаушылар саны көп Түркістан облысында науқан қызу өтті. Өңірдегі азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі де артқан. Мәселен, биыл облыстағы 1 168 728 сайлаушының учаскеге 619 095-ы барған. Сайлау қорытындысы бойынша өңірде «Amanat» партиясы — 342 361 дауыс, «Ауыл» партиясы – 95 668 дауыс, «Ақ Жол» партиясы — 93 262 дауыс, «Respublica» партиясы — 30 686 дауыс, «Қазақстан Халық» партиясы — 19 254 дауыс, «Байтақ» партиясы – 11 432 дауыс жинаған. Нәтижесінде Түркістан облыстық мәслихатына «Amanat» партиясы – 14 орын, «Ауыл» партиясы – 4 орын, «Ақ Жол» партиясы – 4 орын, «Respublica» партиясы – 1 орын иемденді.
Бұл сайлауда партияларға да, үміткерлерге де бірдей мүмкіндік берілді. Қандай да бір саяси ұйымға ешқандай артықшылық берілген жоқ. Осы сайлауда тәуелсіз бірмандатты үміткерлердің саяси бәсекеге түсуге өз-өздерін көптеп ұсынуы елімізде сайлау процесінің сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Яғни, Президент айтқан тармақты билік институттарының қайта жүктемеленуі нақты іс жүзіне асты. Саяси билікке жаңа леп, жаңаша қарқын әкелді.
Мемлекет басшысы ұсынып, қазақстандықтар былтырғы референдумда бекіткен реформаларды құр қағаз жүзінде қалдырмай, іс жүзіне асыру енді осы халық сайлаған тұлғалардың қолында. Олар еліміздің дамуына, әділетті Қазақстанның құрылуына зор септігін тигізуі тиіс. Өзінен жұрт күткен үмітті ақтауы керек. Ал ол үміт елде әділ биліктің, әділ саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйенің үстемдік құруына үлес қосудан басталады.
Жанат Шардарбекова,
Түркістан облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры