Бүгінде Түркістан облысында энергия үнемдеу мақсатында көптеген ілкімді істер қолға алынуда. Осы бағытта баламалы энергия көздерін дамыту жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл тарапта индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының қосып отырған үлесі қомақты. Баламалы энергия көздерін дамыту бағытында облыста бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Арыс қаласында қуаты 14 МВт болатын күн электр стансасын салу биылғы жылдың еншісінде. Отырар ауданында «Промондис» ЖШС қуаты 35 МВт күн электр стансасының жобалау құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. 100 гектар жер телімі бөлінген жобаны кезең-кезеңімен іске асыру көзделуде. Төлеби ауданында қуаты 2,5 МВт «Кеңес» шағын су электр стансасының, Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 МВт болатын екі шағын су электр стансасының, сонымен бірге «Жылға» ауылында қуаты 20 МВт күн электр стансасының құрылысы басталады. Жалпы, алдағы уақытта баламалы энергия көздерін дамыту бойынша Төлеби ауданында 20 МВт электр энергиясын өндіретін ірілі-ұсақты 10 су электр стансасы салынбақ. Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданы Жетісай қаласы маңында күн электр стансасы құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Жобаға 10,7 га жер бөлінген, қуаты 4,8 МВт. Бүгінгі таңда рұқсат беру құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары қараша айында басталады деп жоспарлануда. Жобаға германиялық «NwComp Solar GmbH» компаниясы 7 млн. еуро инвестиция құйып отыр. Ал Мақтаарал ауданындағы екінші жобаның инвесторы – нидерландтық VTK Investments B.V компаниясы. Ауданнан 100 МВт күн электр стансасын салу бойынша екіжақты меморандумға қол қойылған. Жоба құны 150 млн еуро.
Жарияланды: 05.08.2018