Жарияланды: 17.04.2023

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Түркістан төрінде облыстың құрылғанына 5 жыл толуына орай «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі ұйымдастырылған болатын. Фестиваль аясында үш күн бойы Төлеби ауданының мәдениет күндері өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнерін паш етті.
 
Алғашқы күні Этноауылда «Ұлт қазынасы» атауымен асық ату, ләңгі ойнау, арқан тарту, кір тасын көтеру, т.б. ұлттық, спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылған болатын. Содан соң ақындар айтысы, дәстүрлі әншілердің ән шеруі өтті. «Алтыбақан» ойын-сауық отауы аясында «Сақина салу», «Соқыр теке» ойыны ойнатылды. «Ұлттық дәстүр – тәрбие көзі» тақырыбы аясында «Бет ашар» дәстүрі көрсетілді. «Қасиетті де, киелі қолөнерім» шарасында ақ әжелердің жүн түту, сабау, ұршық иіру, құрақ құрау сынды қолөнерге қатысты көрініс көпшілік назарына ұсынылған болатын.
 
Шараның екінші күнінде Этноауылда күні бойы «Киелі жерім, атамекен – Жерұйығым» атауымен қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Жас суретшілер сол мезетте сурет салып, көпшілікті тәнті етті. Ерекше бұйымдарды тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтары оң бағасын беріп жатты. Сондай-ақ облыстық «Фараб» кітапханасында төлебилік кітапханашылардың қатысуымен «Кітап Travel – 2023» акциясы аясында «Шежірелі өлкеден рухани Темірқазыққа» іс-шарасы ұйымдастырылды.
 
Үш күнге жоспарланған өнер мерекесін Төлеби ауданы өнерпаздарының қатысуымен өткен Гала-концерт қорытындылады. Алдымен «Төле бидің ұлына келін таңдауы» көрінісі сахналанып, аудандық, қалалық саз мектебінің ұлт-аспаптар оркестрі сүйемелдеуімен ән шырқалып, «Ақсу – Ару» би ансамблі мың бұрала биледі. Концерттік бағдарламадан соң Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев ауданның Түркістандағы мәдениет күндеріне атсалысқан барша өнерпазға алғысын білдіріп, көпшілікті осынау мерекемен құттықтады.
 
Айта кетейік, аталмыш фестиваль шілде айының соңына дейін жалғасатын болады. Әрі қарай 4 ай бойы аудан-қалалар осылайша апта сайын өнерлерін көрсетеді деп жоспарлануда. Келесі кезекте Ордабасы ауданының өнерпаздары жалғастырады.
 
532 қаралым