Жарияланды: 05.08.2018

Инвестиция құюға ниеттілер аз емес

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірімізге инвестиция құюға ниетті шетелдіктерге барынша жеңілдіктер жасалатындығы туралы үнемі айтып келеді. Оларға салық жөнінен де, жер бөлу жағынан да барынша қолайлы жағдайлар қарастырылмақ. Өңірімізге әсіресе баламалы энергия көздері жобасы бойынша инновациялық жоба болып табылатын шағын су электр станциясын салуды мақсат тұтқан шетелдіктердің қатары аз емес. Аталған станцияны салу үшін аймақта ағын су, жел, күн энергиясын пайдалануға толық мүмкіндік бар.  Түркия Республикасынан келген инвесторлар Түлкібас ауданының табиғатына қызығып, онда баламалы энергия өндіруге мүмкіндік мол екендігіне қызыққан болатын. Түркиялық «Индустриал» компаниясының қаржылық директоры Ильяс Кошаслан аудандағы  су және жел  арқылы  шағын электр энергиясын өндіретін станцияға қолайлы Машат, Арыс, Құлан өзендері және су қоймалары мен желдің басым бағыттары жайымен танысып кеткен болатын.  Түркия Республикасының «Индустриал» компаниясы  жалпы құны 2,0 млрд. теңгеге жуық, жалпы қуаттылығы 4,2 мВт  табиғи электр қуатын өндіретін су электр станциясын Машат өзені бойынан салуды жоспарлап отырғанын тілге тиек еткен-тін. Аталмыш ақжолтай хабардың шындыққа айналып, жүзеге асар күні де таяу.

1 084 қаралым