Жарияланды: 13.05.2023

Түркістандық қолөнершілер Әзірбайжандағы халықаралық фестивальде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді

Қазақстан түркі елдерімен мәдени байланысты нығайта түспек. Осы орайда, Әзірбайжан Республикасының Шуша қаласында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен «Түркі әлемінің мәдени астанасы — Шуша 2023» іс-шарасы және «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестивалі өтіп жатыр.

Аталған іс-шараларға Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды түркітілдес мемлекеттердің өкілдері де қатысып жатыр.

Бүгін Шушадағы мәдени іс-шараларға түркітілдес мемлекеттердің мәдениет министрлері арнайы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та болды. Түркі мемлекеттерінің министрлері қазақ халқының құндылықтарымен танысып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты.

Ауқымды іс-шараға түркістандық қолөнершілерді «Turkistan Qol Oner Одағының» төрайымы Индира Икапова бастап барды. Делегация мүшелері фестивальдің алғашқы күнінен бастап көпшілікке қазақтың ұлттық тағамдарын, қолөнер шеберлерінің ең үздік бұйымдары қойылған көрме-жәрмеңкені ұсынып, түркі халқының ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Мазмұнды мәдени шара аясында Индира Сарқытқызы Әзірбайжан Республикасының мәдениет министрі Адиль Керимлиге Қожа Ахмет Ясауи туралы кітапты сыйға тартты.

Айта кетсек, бұл бағыттағы рухани-мәдени іс-шаралар 14 мамырға дейін жалғасады.

 

249 қаралым