Жарияланды: 13.05.2023

Халықаралық қатынастар жүйесінде 30 жылдан астам жұмыс істеген дипломат

Бүгін Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы бірінші Тұрақты өкілі, бұрынғы Сыртқы істер министрі, Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова 75 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Аса құрметті Ақмарал Хайдарқызының Тәуелсіздік таңында егемен Қазақстанның дипломатиялық қызметінің қалыптасуына қосқан баға жетпес үлесі, халықаралық саяси қызметтегі, әлемдік қоғамдастықта ұлттық мүдделер мен игі бастамаларды ілгерілету жөніндегі іс-шаралардағы белсенді еңбегі, сондай-ақ мемлекетіміздің игілігі үшін жанқиярлығы әрқашан жоғары деңгейде бағаланады.

Еліміздің еңбек сіңірген дипломаты А. Арыстанбекованың кәсіби біліктілігі мен еліміздің сыртқы саяси ведомствосының басшысы ретінде де, шетелдегі жоғары лауазымдарда да нәтижелі жұмысы мемлекетке деген қызметтің жарқын үлгісі болған.

А. Арыстанбекова халықаралық қатынастар жүйесінде 30 жылдан астам жұмыс істей отырып, бүгінде қазақстандық дипломаттардың жаңа буынын қалыптастыру жолында қызмет ететін баға жетпес тәжірибе жинақтады. Ол өзінің білімімен әрдайым сұранысқа ие және бірнеше рет басылып шыққан естеліктері мен монографиялар арқылы бөліседі.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сыртқы істер министрлігінің ұжымы құрметті Ақмарал Хайдарқызын мерейтойымен шын жүректен құттықтайды және зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, сарқылмас бақыт, табыс пен амандық тілейді!

239 қаралым