Жарияланды: 13.05.2023

Саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелері Еуроодақ Елшісімен талқыланды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық одақтың (ЕО) Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің басшысы Елші Кестутис Янкаускаспен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің әлеуетін толық іске асыру жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады. СІМ басшысы КӘЫК-та көзделген диалог алаңдарының тиімді жұмысын, сондай-ақ өңіраралық деңгейде қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықты қанағаттанушылықпен атап өтті. Осы тұрғыда тараптар 18-19 мамырда Алматы қаласында өтетін Орталық Азия – ЕО Экономикалық форумына дайындық жұмыстарын талқылады.

Еуроодақтың «Global Gateway» стратегиясы аясында ерекше өзектілікке ие болған көлік және логистика, инфрақұрылым және аса маңызды металдарын өндіру салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды.

Сұхбат барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды. Бұған қоса, тараптар таяу, орта және ұзақ мерзімді перспективадағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарын белгіледі.

Кездесу нәтижесі бойынша сұхбаттастар ҚР-ЕО ынтымақтастығын одан әрі тереңдету үшін тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаластық жасады.

Анықтама: Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. ЕО үлесіне қазақстандық сыртқы сауданың және шетелдік инвестициялардың 30%-дан астамы тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша тараптар арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары. Экспорт 32,3 млрд АҚШ долларын құрады, импорт – 7,6 млрд АҚШ доллар. Сонымен қатар 2022 жылы еуропалық компаниялар Қазақстанға құйған инвестициялардың көлемі 23%-ға ұлғайып, 12,5 млрд АҚШ долларын құрады

278 қаралым