Жарияланды: 16.05.2023

Қазақстан СІМ-де БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесу өтті

16-18 мамырда Алматы қаласында өтетін БҰҰ-ның Халық қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Жаһандық көшбасшылық кездесуінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ЮНФПА Атқарушы директоры Наталия Канеммен кездесу өткізді.

Атқарушы директор ҚР Үкіметі мен БҰҰ Қорының әйелдер мен балалардың денсаулығын нығайту, ана өлімінің көрсеткіштерін төмендету, перинаталдық паллиативтік көмек көрсету бойынша озық тәжірибелерді, белсенді ұзақ өмір сүру жөніндегі бағдарламаларды енгізу, сондай-ақ Қазақстанның жастар денсаулық орталықтарын дамытудағы озық тәжірибесі мәселелеріндегі өзара іс-қимыл мен үйлестірудің жоғары деңгейін атап өтті.

Өз кезегінде қазақстандық дипломат қоғамның ең осал топтарына, соның ішінде жүкті әйелдерге, мүгедектерге, жастарға, жасөспірімдерге әсер еткен жаһандық COVID-19 пандемиясымен күресудегі ЮНФПА-ның күш-жігерін, сондай-ақ локдаун кезінде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі Қордың белсенді жұмысын атап өтті.

Сондай-ақ Қ. Омаров гендерлік зорлық-зомбылық, жыныстық және репродуктивті денсаулық, гендерлік теңдік мәселелерін қамтитын Қордың 2021-2025 жылдарға арналған елдік бағдарламасына сәйкес жұмыс істейтін ЮНФПА елдік тобына алғысын білдірді.

СІМ өкілі атап өткендей, Қазақстан биыл БҰҰ-ның БҰҰ-Әйелдер, БҰҰ Даму бағдарламасы және ЮНФПА сияқты агенттіктерімен бірлесіп «SpotLight» жаһандық бастамасының аясында Орталық Азия елдері үшін Гендерлік зорлық-зомбылық пен зиянды тәжірибелермен күресу жөніндегі өңірлік альянс құруды жоспарлап отыр. Альянс үкіметтер мен азаматтық қоғам өкілдері үшін зорлық-зомбылыққа қатысты әлеуметтік құбылыстарды жою бойынша іс-қимыл өңірлік жол картасын әзірлеу үшін тиімді алаңға айналады деп күтілуде.

Министрдің бірінші орынбасары бүгінгі таңда COVID-19 пандемиясының жағымсыз салдарын байқай отырып, жаһандық қоғамдастық мұндай вирустардың жаңа ошақтарына дайын болуы керек екенін және бұл тұрғыда БҰҰ Қорының күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті. Сондықтан, Қ.Омаровтың айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай құбылыстардың алдын алу функцияларын өз мойнына алатын Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы жаһандық бастама көтерді.

Қ. Омаров Қазақстанның БҰҰ Қорымен ынтымақтастықты одан әрі арттыруға, оның ішінде Ауғанстанға көмек көрсету бойынша жалпы жаһандық күш-жігерді арттыруға ниет білдіріп, Қордың үздік тәжірибесін енгізу қажеттілігін атап өтті. Оның айтуынша, аталған қадамдар Алматыдағы БҰҰ Орталығының қолдауымен Орнықты даму мақсаттарды жүзеге асырудың шеңберінде еліміздің ғана емес, сонымен қатар өңірлік деңгейде күш-жігерін арттыруға бағытталған.

Өз кезегінде Н. Канем Қазақстан Үкіметіне БҰҰ алаңындағы белсенді жұмысы және қазақстандық делегация ұсынған тиісті бастамалары үшін алғысын білдірді.

Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қоныстану қоры (UNFPA) – дамушы елдерге өздерінің демографиялық мәселелерінің шешімін табуға көмектесетін БҰҰ-ның жетекші ұйымы. Қор үкіметтерге репродуктивті денсаулық саласындағы денсаулық сақтауды, сондай-ақ отбасын жоспарлау қызметтерін жақсартуға көмектеседі.

251 қаралым