Жарияланды: 17.05.2023

Қазақстан СІМ-де Бельгия Парламентінің депутаттарымен кездесуде парламентаралық дипломатияның рөлі талқыланды

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Бельгия Корольдігі Парламентінің делегациясымен кездесу өткізді.

Сыртқы істер және конституциялық даму комитеттерінің төрағалары құрамында бельгиялық заң шығарушы органының Сенат және Өкілдер палатасы депутаттары Парламентаралық одақ шеңберінде қазақстандық әріптестермен байланыстарды нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында Астанаға келді. СІМ-дегі кездесуде бельгиялық делегацияны Бельгия Парламентіндегі Орталық Азия елдерімен достық тобының төрағасы Тим Ванденпут басқарды.

Р. Василенко Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары, Еуропалық одақтың негізгі институттарымен және оған мүше мемлекеттермен өзара іс-қимылдың басым бағыттары туралы хабардар етті.

Қазақстан-Бельгия әріптестігінің оң динамикасы атап өтілді, оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Брюссельде Король Филипппен және Бельгия Премьер-министрі Александр де Кроомен келіссөздері қосымша серпін берді.

«Бельгия – Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі және біз екіжақты деңгейде және көпжақты алаңдарда да мазмұнды әрі сындарлы диалог пен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ниеттіміз», – деп атап өтті Р. Василенко.

Әңгімелесу барысында тараптар сауда-инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға, энергетика және экология, көлік, білім, ғылым және Қазақстан-Бельгия әріптестігінің басқа да өзекті бағыттары саласындағы өзара іс-қимылды ілгерілетуге өзара қызығушылықты атап өтті.

Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, парламентаралық дипломатияны дамытуға жәрдемдесудің маңыздылығы атап өтілді. Р.  Василенконың айтуынша, Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы елдеріміздің парламентаралық ынтымақтастық желісі бойынша, cоның ішінде ЕҚЫҰ мен Еуропа Кеңесінің парламенттік ассамблеялары алаңдарында, сондай-ақ Парламентаралық одақ шеңберінде тұрақты байланыстарды әрқашан қолдайды және белсенді түрде жәрдемдеседі.

Бельгиялық депутаттар елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әсерлі ауқымы мен мазмұнын атап өтіп, қазақстандық тараптың ішкі және сыртқы саясат саласындағы өзекті тәсілдерімен жақынырақ танысу мүмкіндігі үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге жәрдемдесуді жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

362 қаралым