Жарияланды: 18.05.2023

Мемлекет басшысы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде экономикалық ықпалдастығымызды тереңдетуге мүмкіндік беретін бағыттарды атады

  1. Энергетика саласындағы байланысты нығайту.
  2. Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жандандыру.
  3. Электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру.
  4. Агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту.
  5. Құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту.
  6. Туризм саласын дамыту.
  7. Қаржы саласындағы серіктестікті нығайту.

«Кеше тарихи, көне Сиань қаласында жоғары деңгейдегі қазақ-қытай келіссөздері өтті. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмастық, нақты келісімдерге қол жеткіздік, бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Жалпы, менің Қытайға мемлекеттік сапарым ойдағыдай өтті деп сеніммен айтуға болады. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа зор серпін береді. Қазақстан Қытаймен көпжақты байланыстарын одан әрі нығайтуға мүдделі. Осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінен:

Агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстан бидай және ұн өндіретін ең ірі он елдің қатарына кіреді.

Жыл сайын 5 миллион тоннадан көп астық және 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Жуырда біз Қытайға 1 миллион тонна бидай жеткізуге келістік. Бірақ, мұнымен шектелмейміз. Оның көлемін бірнеше есе арттыруға болады.

Соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе (113 мың тоннадан 405 мың тоннаға дейін), өсімдік майы 2 есе (50 мың тоннадан 105 мың тоннаға дейін) көбейді.

Қазір еліміздегі жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі – 4,5 пайыз. Оны 2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізу міндеті тұр.

Тұрғысын өзенінде екінші және үшінші су электр стансасын салу туралы келісімге қол қойылмақ. Сондай-ақ, 1 гигаватт қуат өндіретін жел электр стансасын салу туралы келісім-шарт жасалады. Бұл уағдаластықтар Қазақстанда жасыл энергетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін.

Біз KAZ Minerals және NFC компанияларының мыс қорыту зауытын салу жөніндегі бастамасын толық қолдаймыз. Бұл кәсіпорын іске қосылғанда шикізат экспорты азаяды. Елімізде өндірілетін мыс концентратын түгелдей өзіміз өңдейміз.

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды.

Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Chery, Jac, Exeed және Haval брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда.

240 қаралым