Жарияланды: 18.05.2023

Қазақстан Елшісі Испания Короліне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испания Королі Фелипе VI-ға сенім грамоталарын тапсырды.

Салтанатты рәсім барысында монархпен аудиенция өтіп, онда екіжақты қарым-қатынастардың бірқатар өзекті мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.

Д. Мұсаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебізі мен тілектерін жеткізді, сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы хабардар етті.

Өз кезегінде Король еліміздегі өзгерістерді, Мадрид пен Астана арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың даму қарқынын жоғары бағалап, Президент Қ. Тоқаевқа сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

Тараптар маңызды оқиғалар мен жоғары деңгейдегі сапарлар арқылы жылдан жылға нығайып келе жатқан екіжақты байланыстардың стратегиялық сипатын атап өтті. Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға ерекше мән берілді. Осыған байланысты испандық монарх елшіге ү.ж. 30 мамырда Астанада өтетін Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының және «Қазақстан-Испания» Іскерлік кеңесінің келесі отырыстарын сәтті өткізуді тіледі.

Сонымен қатар Д. Мұсаев Қазақстанның Еуропалық одақпен стратегиялық өзара іс-қимылын атап өтіп, испан тарапына ү.ж. екінші жартыжылдығында ЕО Кеңесіне табысты төрағалық етуді тіледі.

Қазақстандық дипломат Испанияның Еуроодақ төрағасы ретіндегі рөлі қазақстандық-еуропалық векторды нығайтуға, атап айтқанда, азаматтардың өзара сапарларын жеңілдету саласында маңызды серпін беретініне сенім білдірді.

237 қаралым