Жарияланды: 15.05.2023

Қожа Ахмет Ясауи Университеті Сабахаттин Заим университетімен меморандумға қол қойылды

Оқу орнымызға Ыстанбұл Сабахаттин Заим университетінің ректоры док., проф. Ахмет Джеват Ажар арнайы ат басын бұрды. Бұл сапардың басты мақсаты – оқу орнымыз бен Сабахаттин Заим университетінің арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Құрметті қонақты оқу орнымыздың басшылығы күтіп алып, университетіміздің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Ахмет Джеват Ажар киелі шаһардағы Ясауи университеті Қазақстан мен Түркияның берік достығының символы екенін атап өтті.

«Түркі дүниесі баршамызға ортақ! Оны дамыту үшін бәріміздің белсенді және өзара келісілген жұмысымыз керек. Біз, өз тарапымыздан, сіздерге білім және ғылым салалары бойынша қолымыздан келгенше көмек береміз. Ынтымақтастығымыз мәңгі болсын!», — деді ол.

Бұдан әрі іс-сапардың негізгі бөлімі басталды. Университетіміздің Сенат мүшелерінің қатысуымен, Ыстанбұл Сабахаттин Заим университеті ректоры Ахмет Джеват Ажар мен Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша өзара келісімге қол қойды. Меморандум екі университеттің студенттері мен оқытушылары, ғалымдарына төмендегідей мүмкіндікті ұсынады:

  1. Өзара оқытушылар алмасу;
  2. Өзара студент алмасу;
  3. Ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын, қашықтан білім беру және күндізгі бөлімдерге сабақ беру жұмыстарын ұйымдастыру;
  4. Семинарлар мен академиялық мәжілістерге қатысу;
  5. Қысқа мерзімді курс бағдарламаларын ұйымдастыру;
  6. Жарияланған оқу материалдарымен және басқа ақпараттармен алмасу;
  7. Арнайы қысқа мерзімді академиялық бағдарламалар ұйымдастыру.
208 қаралым