Жарияланды: 22.05.2023

Сингапур Республикасының Президенті Халима Якоб І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы және Сингапур Республикасы арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға және дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Сингапур Республикасының Президенті Халима Якобты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Сингапур Президенті Халима Якоб көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Сингапур қатынастарында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық ерекше орын алады. Мемлекет басшысы бүгінде елімізде 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатқанына назар аударды.

– Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асты. Экономикалық қиындықтар мен пандемияға қарамастан, былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Бұл өте жақсы нәтиже деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың берік негізі қаланғанына тоқталды. Бұл орайда жақында құрылған Қазақстан-Сингапур іскерлік кеңесі маңызды рөл атқарады.

Мемлекеттер басшылары экспорт мүмкіндіктерін кеңейту, еліміздің аумағында бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, Алматы маңындағы «G4City» агломерациясының құрылысына қатысты бірлескен инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы, қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар президенттер Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен «Бір жол – бір белдеу»  бастамасын бір-бірімен сабақтастыру,  сондай-ақ елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөнінде өзара тиімді ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.

 

492 қаралым