Жарияланды: 20.05.2023

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Саудтық халықаралық стратегиялық әріптестік орталығының (SCISP) президенті Раад әл-Баракатимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы өзара әрекеттестік мәселелерін, оның ішінде сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жолдарын талқылады. Р. әл-Баракати қазақ-сауд қатынастарының оң үрдісін атап өтіп, екі елдің қолда бар мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеу қажеттігіне тоқтады. Сондай-ақ, ол басым бағыттарды айқындау және нақты ұсыныстар әзірлеу арқылы Орталықтың мемлекетаралық өзара іс-қимылдың барлық салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға жан-жақты жәрдемдесуге дайын екенін қуаттады.

Өз кезегінде Б. Арын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан кешенді ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, оның ішінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың модернизациялық бастамалары, елдегі демократиялық үрдістерді нығайтуға бағытталған заңнамадағы өзгерістер, сондай-ақ 2023 жылғы наурызда өткен парламенттік сайлаудың қорытындылары туралы баяндап берді.

Елші «SCISP» басшысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан 2023 жылы 8-9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақыруды тапсырып, іс-шараның күн тәртібімен және бағдарламасымен, қатысушылардың құрамымен таныстырды.

Сонымен қатар тараптар «SCISP» пен қазақстандық зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастырып, кездесу қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара тиімді байланыстарды кеңейту жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге келісті.

Анықтама: «SCISP» – Сауд Арабиясының жетекші ғылыми орталықтарының бірі және Корольдіктің халықаралық және өңірлік стратегиялық серіктестеріне қатысты күш-жігерін реттеуді көздейтін тәуелсіз мемлекеттік құрылым. Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі төрағалық ететін «SCISP» директорлар кеңесінің құрамына сауда, инвестициялар, қоршаған орта, су және ауыл шаруашылығы, экономика, қаржы, көлік және логистика, индустрия және минералдық ресурстар министрлері, «PIF» мемлекеттік инвестициялық қорының басшысы және үкіметтің тағы басқа белгілі мүшелері кіреді.

219 қаралым