Жарияланды: 21.05.2023

Қазақстан мен Болгария аймақаралық деңгейдегі ынтымақтастықты жандандыруға ниетті

Болгар тарапының шақыруымен Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның екінші ірі қаласы – Пловдив қаласына сапар шекті.

Пловдив мэрі Здравко Димитровпен кездесуде әңгімелесушілер сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың үдемелі дамуындағы өңіраралық өзара іс-қимылдың ерекше рөлін атап өтті, сондай-ақ екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, өңіраралық деңгейде екіжақты қарым-қатынастарды арттыру мақсатында Қазақстанның үшінші мегаполисі – Шымкентпен бауырлас байланыстар орнатуға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар В. Темірбаев сұхбаттасын еліміздегі мемлекеттік билік институттарын саяси жаңарту аясындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті.

Өз кезегінде З. Димитров Қазақстанмен өңіраралық қатынастарды дамытуға өзінің бейілділігін растап, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту жөніндегі бастамаларды тұрақты қолдайтындығына сендірді.

2023 жылғы 26 сәуірде Қазақстан-Болгария бизнес-форумы барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында В. Темірбаев Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ең ірі экономикалық аймақтардың бірі – Тракия экономикалық аймағына (ТЭА) барды. ТЭА негізін қалаушы және басқарма төрағасы Пламен Панчевпен кездесуде қазақстандық дипломат еліміздегі инвестициялық әлеует, шетелдік инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету құралдары, оның ішінде арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтардағы бизнес жүргізудің артықшылықтары туралы айтып берді. Одан басқа, тараптар ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылап, шетелдік инвестициялар мен озың технологияларды тарту бойынша тәжірибе алмасу бөлігінде қазақстандық арнайы экономикалық аймақтармен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қарастырды.

Сапарын аяқтай отырып, болгар жұртшылығын қазақ әдебиеті мен тілімен кеңінен таныстыру мақсатында В. Темірбаев Пловдив халық кітапханасына Елшіліктің қатысуымен болгар тілінде жарық көрген 30-дан астам көркем кітаптар, жинақтар мен брошюраларды сыйға тартты.

Анықтама: Пловдив – Болгарияның екінші үлкен қаласы және елдің жетекші экономикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі. 2013 жылы құрылған Тракия экономикалық аймағының жалпы ауданы 10 млн м2-ден асады және 6 өндірістік аймақ пен 10-нан астам индустриалды паркті біріктіреді. Бүгінде ТЭА-ға 200-ден астам компания, 3 млрд еуродан астам инвестиция тартылып, 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

321 қаралым