Жарияланды: 21.05.2023

Жаңа Қазақстанның басымдықтары Эфиопияда зерттелуде

Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігі ұйымдастырған семинарда саяси жаңғырту қорытындылары мен Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық басымдықтары талқыланды.

Іс-шараға Эфиопия Парламентінің Халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы Дима Ногго Сарбо, елдің бұрынғы президенті Мулату Тешоме, Ұлттық диалог жөніндегі Эфиопия Парламенті комиссиясының мүшесі Йонас Адайе, Эфиопия СІМ Сыртқы саясат институтының директоры Д. Амбо, Даму, зерттеу және ынтымақтастық орталығы директорының орынбасары К. Мелес, Эфиопияның ірі бизнесі мен БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов қатысушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстанның саяси жаңғыруының мақсаттары мен барысы, өткен парламенттік сайлаудан кейін қабылданған жаңа Парламент Мәжілісі мен жаңа Үкімет жұмысының бағдарлары туралы хабардар етті.

Сонымен қатар Б.  Садықов эфиопиялық делегацияның ү.ж. 8-9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуы аясында екіжақты ынтымақтастықтың келешегін атап өтті. «Эфиопия делегациясы мен ірі бизнес өкілдерінің Қазақстанға сапары алғашқы рет өтеді және екіжақты қарым-қатынастарды, әсіресе сауда-экономикалық саладағы байланыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деді ол.

Семинар барысында қатысушыларға Қазақстанның сауда-инвестициялық ахуалы, макроэкономикалық перспективалары және ұлттық экономиканың даму болжамдары туралы толық мәліметтер ұсынылды. Эфиопиялық бизнес тарапынан қазақстандық ірі бизнеспен іскерлік байланыстар мен әріптестік орнату бойынша тілектер мен ұсынымдар айтылды.

Эфиопияның бұрынғы президенті, Инвестициялар және нетворкинг орталығының басқарма төрағасы М. Тешоме Астана халықаралық форумға қатысудан күтетін үміттерімен бөлісті. «Екі ел арасындағы өзара сауда мен инвестициялар өсуінің зор әлеуеті бар. Қазақстанның да, Эфиопияның да бір-біріне ұсынатын көп нәрсе бар. Астанаға сапар елдердің бір-біріне деген экономикалық мүдделері туралы нақты түсінік береді және сауда өзара процесс болғандықтан, бірлескен кәсіпорындар мен өндірістер құру эфиопиялық бизнесмендері үшін алдағы сапардың ең басты мақсаты болып табылады», – деді ол.

Эфиопия Ұлттық диалог жөніндегі комиссиясының комиссары Й. Адайе Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев алға тартқан демократиялық реформаларға түпкілікті қолдау білдіріп, оның себебін айтып берді: «Ең алдымен, Қазақстандағы реформалардың ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерге негізделгені, олар сырттан әкелінбегені және ел халқының қажеттіліктерін ескеретіні өте маңызды. Сонымен қатар демократиялық өзгерістер қоғамның, әсіресе жастардың, орта тапты құрайтын халықтың жоғары білімді бөлігінің жинақталған үміттерін ақтайды. Жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстандағы жалпыұлттық бірлік саясатын нығайтады».

Эфиопия СІМ Сыртқы істер институтының Азия және Тынық мұхит елдері басқармасының бастығы Д. Тайенің айтуынша, Қазақстан табысты мемлекеттің үлгісін көрсетуде. «Тәуелсіз даму жылдары бойы еліңіз әлемнің барлық мемлекеттермен достық және өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарды пайдалана отырып, саяси және экономикалық жаңғырту жолымен жүруде. Бұл еліңіздің жетістігі екені сөзсіз. Билікті орталықсыздандыру, парламенттің өкілеттіктерін күшейту және демократиялық процестердің инклюзивтілігі қоғамның дамуы мен ілгерілеуі үшін өте пайдалы», – деп атат өтті дипломат. Ол сондай-ақ ҚР транзит-көліктік саясатын жақсы басқарудың көрсеткіші деп атады: «Қазақстан, Эфиопия секілді, теңізге тура шыға алмайтын ел болып табылады және Еуропа пен Азия континенттерін біріктіретін транзит-көліктік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру Қазақстан үкіметінің елдер мен өңірлер арасындағы сауда ынтымақтастығын дамыту үшін өзінің географиялық орналасуын тиімді пайдаланғанын дәлелдейді. Бұл ақылды басқарудың жақсы мысалы және теңізге шыға алмайтын басқа елдер үшін үлгі».

«Belay AB Motors & Cables» ірі холдингінің директоры Т. Белай бірлескен жобаларды ұйымдастыруға және Қазақстанда лайықты серіктестер іздеуге қызығушылық білдірді. «Қазақстан өте қызықты және үлкен мүмкіндіктерге ие. Біз еліңізбен бизнес жобаларды дамытуға мүдделіміз. Қазақстанға жоспарланған алдағы сапар барысында өңдеу, құрылыс, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласындағы ірі бизнес өкілдерімен кездесулерді күтеміз», – деді ол.

Жалпы, семинар қатысушылары еліміздің қазіргі саяси және экономикалық дамуына, екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйіне, жаңа сауда серіктестермен байланыс орнату перспективаларына терең қызығушылық танытып, іскерлік және практикалық маңызы бар сұрақтар қойды. Іс-шара қорытындысы бойынша олар Қазақстанмен екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту бойынша өз ұсынымдарын берді.

349 қаралым