Жарияланды: 21.05.2023

Қазақстанның Тұрақты өкілі Африка елдерін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құруды қолдауға шақырды

Қазақстанның Африка елдерімен фармацевтика және биологиялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын дамыту мүмкіндіктерін зерделей отырып, Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Африка одағы Комиссиясының штаб-пәтерінде өткен «Африкадағы вакциналар өндірісі бойынша әріптестік» форумына қатысты.

Форумға АО Комиссиясы төрағасының орынбасары Моника Нсанзабаганва, Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының бас директоры Джин Касея, АО мүше мемлекеттердің, серіктес елдердің, Африкадағы 15 жетекші фармацевтикалық кәсіпорындардың өкілдері, аналитикалық және зерттеу институттары да қатысты.

Іс-шара барысында Б. Садықов 2040 жылға дейін Африкадағы вакцина қажеттіліктерінің 60 пайызға қамтамасыз ету бойынша форумның мақсаттарын іске асыру үшін Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары мен Африка одағы Комиссиясының ерекше рөлін атап өтті. Қазақстан Елшісі вакциналарға жаһандық қолжетімділікті кеңейту қажеттігін айтып, COVID-19-ға қарсы QazVac (QazCovid-in) вакцинасын әзірлеген Қазақстанның үлесі туралы хабарлады. Осыған байланысты, ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты мен Аддис-Абебадағы Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Бұдан басқа, қазақстандық дипломат қатысушылардың назарын әлемдегі биологиялық қауіпсіздік мәселесіне аударып, АО-ға мүше мемлекеттерді болашақта биологиялық апаттар мен дағдарыстардың алдын алу үшін ұжымдық күш салуға шақырды. Осы ретте ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру туралы ұсынысын еске салып, Африка елдерін осы бастамаға қосылуға шақырды.

Жалпы алғанда, форум қатысушылары Африкадағы вакциналар өндірісі бойынша АО мүше мемлекеттердің, серіктестердің және органдардың қызметін үйлестірудің түрлі мәселелерін қарастырды.

371 қаралым