Жарияланды: 21.05.2023

Қазақстан мен Швейцария инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігі Швейцарияның Біріккен сауда палатасымен бірлесіп, гибридті форматта инвестициялық дөңгелек үстелді өткізді. Оның жұмысына Швейцарияның мемлекеттік органдарының, экономикалық ұйымдарының, қаржы институттарының өкілдері және жетекші компанияларының топ-менеджерлері қатысты. Гибридті отырыс шеңберінде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және Швейцарияның Біріккен сауда палатасы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және іскерлік байланыстарды нығайту туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Елшісі Қайрат Саржанов швейцариялық бизнесті өзара тиімді шарттарда қазақстандық кәсіпорындарды жаңғыртуға белсенді қатысуға және химия, фармацевтика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тамақ өңдеу, көлік, инфрақұрылым және логистика сияқты басым салаларына инвестиция тартуға шақырды. Ол Қазақстанда макроэкономикалық тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы әртараптандыруға, ШОБ-ты дамытуға, адами капиталдың сапасын арттыруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды реформалардың маңыздылығын атап өтті. Елші Швейцария 2005 жылдан бері 32,7 миллиард АҚШ доллары капитал салымымен Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың үштігіне кіретінін атап өтті.

Өз кезегінде, Швейцарияның Біріккен сауда палатасының басқарушы директоры Дорит Саллис Қазақстан Швейцарияның басым сауда және инвестициялық серіктесі болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша швейцариялық компаниялар Қазақстанды өңіраралық тұрғыда Үлкен Каспий өңірінің негізгі көлік-логистикалық хабы ретінде қарастырады және еліміздің машина жасау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және химия өнеркәсібіне үлкен қызығушылық танытуда.

«Kazakh Invest» өкілі Сәкен Олжабаев Қазақстан экономикасының басым секторларындағы инвестициялық ұсыныстарды айта отырып, шетелдік инвесторларды қолдаудың негізгі мемлекеттік құралдарын ұсынды. АХҚО әкімшілігінің басқарушы директоры Темірлан Мұханбетжанов Орталық Азияда бизнес жүргізу үшін шетелдік компанияларға берілетін бірегей мүмкіндіктер мен құқықтық кепілдіктер туралы хабардар етті. Еуропалық және Орталық Азия көлік-сауда қауымдастығының бас хатшысы Лейла Батырбекова транзиттік жолдарды әртараптандырудың және көлік инфрақұрылымына инвестициялаудың өзектілігіне назар аударды.

Тәуелсіздік таңында қазақстандық нарыққа келген швейцариялық «SGS» және «Militzer & Münch» компаниялары іс-шараға қатысушылармен Қазақстан экономикасының стратегиялық салаларын дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, Қазақстанда бизнес жүргізудің оң тәжірибесімен бөлісті.

«Stadler CIS» компаниясының бас директоры Александр Люфт Қазақстанда теміржол техникасын өндіру және қызмет көрсету бойынша ҚТЖ компаниясымен стратегиялық келісімшарт шеңберінде технологияларды беру және персоналды оқыту процесінің басталғаны туралы хабарлады.

Қазақстанның Швейцариядағы Құрметті консулы Жан-Поль Периа ағымдағы жылғы маусымда Қазақстанға алдағы бизнес-миссиясы туралы хабардар етті. Сапар шеңберінде Астана халықаралық форумына бару, Алматыда «Швейцария күндері» іс-шарасын өткізу, сондай-ақ Қазақстанның іскер топтары мен мемлекеттік органдарының өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Дөңгелек үстел швейцариялық тарапқа Қазақстандағы экономикалық жағдаймен танысуға, бизнесті жүргізу тәжірибесімен, үздік практикалармен және инвестициялық мүмкіндіктерімен алмасуға, сондай-ақ ағымдағы жылы Астанада жоспарланған Үкіметаралық экономикалық комиссия мен Іскерлік кеңестің отырыстары қарсаңында іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

395 қаралым