Жарияланды: 25.05.2023

Вашингтонда қазақ киносына арналған шара сәтті өтті

Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы Елшілігі америкалық жұртшылыққа Вашингтондағы ең беделді кинотеатрлардың бірінде қазақстандық фильмнің эксклюзивті көрсетілімін және қазақ совет киносы туралы кітаптың тұсаукесерін ұсынды.

Америкалық истеблишмент өкілдері, жетекші халықаралық сарапшылар, шет мемлекеттердің елшілері мен дипломаттары кино арқылы Қазақстанның өнері мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды.

Келген қонақтарды қошеметтей отырып, Қазақстан Елшісі Ержан Ашықбаев іс-шарадағы кино мен әдебиеттің керемет үйлесімі батыстық аудиторияға халқымыздың бай мәдени мұрасын, сондай-ақ қазіргі отандық киноиндустрия дамуының жоғары деңгейін паш етуге көзделгенін айтып өтті.

Көрсетілім алдында Джордж Вашингтон университетінің славян тілдері, кинотану және халықаралық қатынастар профессоры, қазақ мәдениеті, әдебиеті мен тарихы саласындағы ірі маман ретінде танымал Питер Ролберг те көрермендер алдында сөз сөйледі. Ол қазақ әдебиетін, оның тарихи жағдайын зерттеуге, түсінуге зор үлес қосқан болатын.

Іс-шара аясында оның ағылшын тіліндегі «The Cinema of Sovet Kazakhstan 1925-1991» (1925-1991 жылдардағы Кеңестік Қазақстан кинематографы) атты бірегей кітабының тұсаукесері өтті. Кітап көрнекті отандық кинематографистер мен актерлердің құрметіне арналып, оқырманға қазақстандық кеңестік киноның эволюциясы туралы жалпы түсініктеме береді.

П. Роллберг өз сөзінде қазақ киноиндустриясы жаңа тарихи кезеңді бастан кешіріп жатқанын, көптеген сапалы фильмдер түсіріліп жатқанын, дарынды режиссерлердің жаңа ұрпағы өсіп келе жатқанын баса айтты.

Іс-шараның екінші бөлімі «Kazakh Cinema» ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен режиссер Алдияр Байракимов түсірген «Паралимпиадашы» қазақ фильмінің мемлекеттік тілде көрсетілуіне арналды.

Спорттық драма көрермендерге күшті эмоционалдық жүктемемен, тамаша актерлік ойынымен және Қазақстан Республикасы паралимпиада спортшыларының төзімділігі мен табандылығымен үлкен әсер қалдырды.

Көрсетілімнен кейін көрермендер қол шапалақтап, фильм туралы оң пікірлерін білдіріп, оның мазмұны мен әлеуметтік мәніне тәнті болды.

196 қаралым