Жарияланды: 25.05.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысындағы сөзі

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Геосаяси қиындықтар бүкіл әлемдегі экономикалық жағдайға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Биыл халықаралық қаржы институттары әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды, орташа есеппен алғанда, шамамен екі есе төмендетті.

Бірақ сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Одаққа мүше мемлекеттер макроэкономикалық тұрақтылығын сақтап, экономикалық өсім қарқыны мен өзара сауда көлемін арттыруда.

Мен өз тарапымнан ЕАЭО құрылғаннан бері Қазақстанның одаққа мүше өзге елдермен арадағы тауар айналымы 74 пайызға ұлғайғанын атап өткім келеді. Осы орайда экспорт 98 пайызға өсті. Бұл жақсы көрсеткіш деп санаймыз»

«Бұл үшін Челябинскіде жүк жинақтайтын орталық аша отырып, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалануға болады. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау темір жол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автомобиль жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз.

Тиісті жүк тасымалы ағынын қалыптастыру үшін күш жұмылдыру маңызды. Сол себепті Қазақстан мұны сөзсіз іске асырады. Бақты – Аягөз темір жолының құрылысын өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нақты мысалы деуге болады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді»

«Қазақстанның Одақты дамытуға қатысты ұстанымы – елдеріміздің экономикалық әлеуетін дәйекті түрде арттыру. Яғни, жобалар, технологиялар, жұмыс орындары, салықтар.

Біз күш біріктіре отырып, алдымызға қойған барлық міндетті табысты атқаратынымызға және Еуразиялық экономикалық одақты дамудың анағұрлым жоғары деңгейіне шығаратынымызға сенімдімін»

202 қаралым