Түркістан облысындағы Мақтарал ауданындағы шаруашылықтар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге дән риза. Жанар жағармай, тыңайтқыштар көктемгі егіс уақытында дер кезінде бөлінді. Соның арқасында барлық өнімді егіп үлгерді. Енді күзгі жиын терім уақытында мол өнім жиналады деп отыр шаруалар. Мақтарал ауданындағы Азаттық, Сырабад, Атамекен ауыл округтеріндегі «Қанат», «Эверест», «Майбек» шаруа қожалықтары бүгінде ауданды алға сүйреп отырған шаруашылқтардың қатарында. Аталған шаруашылықтарда өсірілетін мақта, бау бақша, қызанақ өнімдерінен жыл сайын мол өнім жиналады. Биыл Мақтарал ауданында 138 мың гектар суғармалы жерге егіс егілді. 27 064 гектар аумаққа бақша өнімдері, 19 500 гектар жерге қауын, 7 564 гектар жерге қарбыз егілді. Ал облыс бойынша ең көп өнім беретін де аталмыш аудан. Аудандағы шаруа қожалықтары алдағы уақытта егіс көлемін үлғайтуды жоспарлап отыр. Соңғы кездері ауданның қауын қарбызына деген сұраныс артып отыр. Соған орай сұранысты өтеу мақсатын көздеп отыр. Биылдың өзінде Ресейдің көптеген қалаларына 136,4 мың тонна өнім экспортталса, оның ішінде Мақтарал ауданының үлесі 38,5 мың тоннаны құрап отыр.
Жарияланды: 07.08.2018