Орталық Азия елдері мен Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер арасында су ресурстарын басқару саласындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстанның осы саладағы қажеттіліктерін талқылау және Словак компанияларының әлеуетті жобаларын таныстыру бойынша семинар өтті.
«Словакиялық ұйымдардың Орталық Азия өңірімен су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастығы» тақырыбындағы іс-шараны Еуроодақ жанындағы ҚР өкілдігінің қолдауымен Словакияның ЕО жанындағы Тұрақты өкілдігі ұйымдастырды.
Словакияның су шаруашылығы саласындағы жетекші компаниялары Орталық Азия елдерінде, атап айтқанда Қазақстанда су ресурстарын басқару және су құрылыстарының қауіпсіздігі саласындағы негізгі проблемаларды шешу бойынша зерттеу нәтижелері мен ұсыныстарын таныстырды.
Қазақстан тарапынан қатысушылар су ресурстарын басқарудың жекелеген аспектілері бойынша сөз сөйледі.
Қазақстанның ЕО жанындағы өкілдігінің кеңесші-уәкілі Тимур Сұлтанғожиннің айтуынша, су ресурстарының ел аумағында біркелкі таралмағандығы, климаттық өзгерістердің кері әсерін қоса алғанда экономиканың барлық салаларында, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенде суды ұтымды пайдалануға жүйелі көзқарасты талап етеді. Айта кетерлігі, су ресурстары ысырабының негізгі үлесі агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі. «Аймақ жағдайында су ресурстары мен экожүйелерді сақтау мүдделі тараптардың бірлескен іс-қимылынсыз мүмкін емес», – дейді ол.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Тансшекаралық өзендер департаментінің бас сарапшысы Ерболат Пернеханов бұл дәйекпен келіседі. Оның айтуынша, Қазақстандағы 8 өзен бассейнінің 7-і трансшекаралық болып табылады, бұл еліміз үшін осы саладағы ынтымақтастықты маңызды мәселеге айналдырады. Орталық Азиядағы өзара іс-қимылдың оң тәжірибесі су ресурстарын пайдаланудың интеграцияланған және кешенді жүйесін және шектеулі ресурсқа неғұрлым ұқыпты қарауды ынталандыратын бірлескен саясатты қалыптастыруға үлкен әлеует бар деуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қарастырылып жатқан Қазақстанның су саласындағы заңнаманы жаңарту жұмыстары осы салада жүйелі тәсілдер ұсынады деп күтілуде.
Астанадағы халықаралық суды бағалау орталығының (IWAC) директоры Жанар Маутанова Орталық Азия елдерінде ғылыми, әдіснамалық және техникалық қолдауды қамтамасыз ету бойынша өңірлік өзара іс-қимылдың оң нәтижелері туралы хабарлады. IWAC өңір елдеріне озық тәжірибені практикаға енгізуге, трансшекаралық су ресурстары саласында пилоттық жобаларды іске асыруға жәрдем көрсетеді. Орталық трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі халықаралық конвенцияның ережелерін жүзеге асыру аясында ашылған.
Еуропалық комиссия өкілдері «Global Gateway» стратегиясының «Team Europe» бастамасының су-энергетикалық және климаттық бағдарламасы шеңберінде Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы саласына техникалық көмек көрсету және инфрақұрылымын инвестициялауды қаржыландыру жолдарын ұсынды.
Аңықтама: Орталық Азия елдері мен ЕО арасындағы су мәселелері саласындағы ынтымақтастық өңіраралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Мәселен, 2023 жылғы 2 маусымдағы Орталық Азия мемлекет басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің екінші саммитінің қорытындысы бойынша тараптар Орталық Азиядағы су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және Орталық Азиядағы қоршаған орта мен био-түрлілікті қорғау саласындағы инновациялық, өзара тиімді және ашық су-энергетикалық ынтымақтастық үшін диалогты жалғастыру қажеттігін растады. Атап айтқанда, ЕО тарапы осы салалардағы оң тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін растады.