Жарияланды: 08.06.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана халықаралық форумының пленарлық отырысындағы сөзі

«Астана халықаралық форумына қош келдіңіздер! Мұнда барлық құрлықтан достарымыз бен әріптестеріміз, сондай-ақ үкіметтердің, дипломатия, бизнес және ғылыми топтардың өкілдері жиналып отыр.

Аса қадірлі қонақтарымыз – Қатар Әміріне, Қырғызстан Президентіне, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне және форумның басқа да құрметті қатысушыларына  шынайы ризашылығымды білдіремін.

Сіздердің осы жиынға арнайы келуге шешім қабылдап, форум жұмысына қатысқандарыңыз – біз үшін үлкен мәртебе. Жиын барысында жаһандық экономикалық және аймақтық ынтымақтастық мәселелерінің қазіргі жай-күйі жөнінде табысты пікір алмасамыз деп сенеміз»

«Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы. Оның негізгі миссиясы мынадай:

  Бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау;

Екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау;

Үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру;

Төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру;

Бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту.

Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс»

«Геосаяси қысымдар бір-бірімізді алшақтатып жатқанда біз бірігуге, ықпалдасуға, ынтымақтасуға, өзара қол ұшын созуға деген анық императивпен бетпе-бет келеміз. Бұл жердегі негізгі идея – осы.

Осындай сәтте Астана халықаралық форумы аталған үрдісті кері бұру үшін тағы бір мүмкіндік береді. Тек кездесу, кеңесу, сондай-ақ өзара адалдық таныту арқылы ғана халықаралық қоғамдастық біздің  проблемаларымызға, шаруаларымыз бен үмітімізге қатысты мәселелерді шеше алады.

Сонда ғана біз ортақ болашағымызды қалыптастыра аламыз, бәріміз үшін мейлінше тұрақты, әділ әрі өркендеген әлем құру жолына біртіндеп ораламыз»

«Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді.

Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты.

Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр.

Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз»

«Мысалы, Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады.

Сонымен қатар экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді.  

 Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес әрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз.

Осы факторлардың барлығын ескере отырып, бүгінде Қазақстан жаһандық, ең бастысы, шын мәнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз»

288 қаралым