Жарияланды: 08.06.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Геосаяси шиеленіс пен протекционизмнің белең алуы әлемдік экономиканы өзгертіп жатыр. Бұл экономиканы баяулатып қана қоймай, жаһандық өсім мен тұрақтылыққа кедергі келтіруде. Алайда кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашатынын уақыт көрсетті.

Орасан зор технологиялық серпін беретін «цифрландыру» осындай мүмкіндіктің бірі деп санаймыз. Цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді.

Жасанды интеллект, блокчейн, Интернет заттар (IoT) және Үлкен деректер (Big Data) секілді жаңа тұжырымдар мен технологияларды кең көлемде енгізу ауыл шаруашылығынан бастап қаржы саласына дейін барлық саладағы ойын ережесінің өзгеруіне алып келеді».

Мемлекет басшысы:

«Цифрландыру тұтас елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтаушы факторға айналды. 2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарық 50 пайызға артып, 6,8 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр.

Болжам бойынша 10 жылда әлемдегі тауар өндірісі мен көрсетілетін қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданылады.

Бұл үрдістің Қазақстан үшін аса маңызды екенін анық түсінеміз. Басқаша айтқанда, цифрландыру біз үшін ұлттық маңызы бар мәселеге айналды. Біз Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болуды көздеп отырмыз.

Таяуда әлемдегі 62 ел Орталық Азияның орнықты дамуы үшін Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық шешімдер орталығын құру туралы бастамасын бірауыздан қолдады. Мұны бізге артылған зор сенім және Қазақстанның әлемдік аренаға шығудағы маңызды кезеңі ретінде қабылдадық.

Аталған орталық мемлекеттер арасында «цифрлық тосқауылдардың» пайда болуының  алдын алуға бағытталған жаһандық, өңірлік және ұлттық мүддені жұмылдыруға арналған».

Президент:

«Жеткізу тізбегінің бұзылуы, инфляцияның өсуі және сауда-саттық шектеулер жаһандық экономиканың дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.

Осыған қарамастан, Қазақстан сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп үлгерді деп сенімді түрде айта аламыз. Төрт айда экономиканың нақты өсімі 5 пайызды құрады. Бұл бұған дейін болжанған орташа әлемдік көрсеткіштен үш  есе көп. Экономикамыздың барлық негізгі секторында оң динамика байқалады.

Былтыр біз шетелден 28 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарттық. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бір айта кетерлік жайт, шетелдік инвесторлар шикізаттық емес секторға айрықша қызығушылық танытады. Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның инвестициялық әлеуетін растады.

Бүкіл әлемде протекционизмнің белең алуына қарамастан, ашық нарықтық экономикасы бар ел ретінде өз позициямызды нығайта түстік. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп,134 миллиард долларға жетті».

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Экономикалық өсім туралы айтқанда, біз тек цифрлар мен көрсеткіштерге ғана емес, сапаға да мән беруіміз керек. Осы ретте Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу.

Цифрлық интеллект индексіне (Digital IQ) сәйкес Қазақстан цифрландыру қарқыны бойынша 20-орында және цифрлық ортаны дамыту жөнінен анағұрлым перспективті елдердің қатарына кіреді.

2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өсті. Отандық цифрлық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артып келеді.

Былтыр IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе  ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. Мақсатымыз – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз».

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Адами капитал шешуші рөл атқаратыны бәрімізге де мәлім. Бірақ цифрлық трансформацияға кедергі келтіретін де осы – адами фактор.

Цифрлық үдерістерді басқару үшін цифрлық сауаттылыққа және білімге баса мән беруіміз қажет екенін түсінуге тиіспіз.

Түпкі мақсат – цифрлық өсімге бағдарланған креативті қоғам қалыптастыру. Біздің адамдар жаңа идеяларды қабылдауға, жаңаша ойлау мен жаңа нәрсе ойлап табуға бейімделуі керек».

Сонымен қатар Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің президенті Масатсугу Асакава, CNPC компаниясының президенті Хоу Цзицзюнь, Shell plc компаниясының бас атқарушы директоры Уаэль Сауан, Chevron корпорациясының атқарушы вице-президенті Найджел Хирн, Philip Morris International компаниясының ТМД және Орталық Азия бойынша президенті Марко Мариотти, «ЛУКОЙЛ» компаниясының бас атқарушы директоры Вадим Воробьев, Ernst&Young компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймақтары бойынша басқарушы серіктесі Джули Линн Тигланд, Air Liquide компаниясының бас атқарушы директоры Франсуа Жаков, Baker Hughes компаниясының төрағасы және бас атқарушы директоры Лоренцо Симонелли, Microsoft корпорациясының Орталық және Шығыс Еуропа бөлімшесінің бас директоры Мишель Симмонс, Wabtec корпорациясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантана сөз сөйледі.

233 қаралым