Жарияланды: 09.08.2018

Ризығын жерден терген…

Қазір егін егіп, мал асыраймын деген ынтасы бар адамға Үкіметтің қаржылай көмегі көп-ақ. Оны түрлі қаржылық институттар арқылы да, субсидия түрінде де алуға болады. Бірі егін егіп, көл-көсір пайда табуды ойласа, енді бірі мал өсіріп, одан мол өнім алуды қалайды. Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданына қарасты Көлтоған ауылын негізінен ризығын жерден терген диқандар мекен етеді, деп хабарлайды okg,kz.  Нұрмағанбет Сатыбалды осы ауылдың байырғы тұрғыны. Кеңес Одағы тұсында мақта өсірумен шұғылданған ауыл қазір көкөніс баптауға көшкен. Ірі шаруашылықтар да көп. “Ілгеріде бұл ауыл тегіс мақта егетін, кейін темекі өсірдік. Қазір жаппай көкөніс егуге көштік. Көкөністің пайдалы тұсы бір маусымда екі рет өнім алуға болады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын есік алдындағы 10 сотық жерге жылыжай салғанбыз. Оған жыл сайын ерте көктемде қызанақ, қияр егеміз. Биыл да солай еттік. Ұзындығы 40 метр, ені 15 метр болатын есік алдындағы жылыжай бар. Еңбек ете білсең, мына жер сені ешуақытта аш қалдырмайды. 2,5-3 миллион теңгедей пайда табамын. Тұрақты сауда жасайтындар алдын-ала тапсырыс беріп қояды. Тек өнімді жинап, қаттап қойсаң болғаны, арғы жағы алушының жұмысы, – деген ол тек жылыжай емес, бау-бақша өнімдерінің сан түрін егіп, қосымша пайда түсіретінін де айтып өтті. Бабаларымыз айтатын «Сен істі сүйсең, іс саған басын иеді» деген осы шығар, бәлкім.

1 060 қаралым