Бүгінде Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында ауыл шаруашылығына мән беріліп, кооперативтердің жұмысы жандануда. Солардың қатарында «Алғабас-Ағыбет» өндірістік кооперативі мен «Ерсұлтан-агро» ЖШС-гі бірлесіп егін шаруашылығымен айналысуда. Бұл шаруашылық Алғабас, Ағыбет ауылдық округі аумағынан 2000 гектар жерге бидай, 1500 гектар жерге мақсары, 500 гектар жерге арпа, 400 гектар жерге жоңышқа еккен. Кооперативте 20-ға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, маусымдық жұмыстар қызған кезде 45-50 адам жұмысқа тартылып, оларға 80 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Бәйдібек ауданында егіншілікпен айналысатын кооперативтердің 90 пайызы электронды картаға енгізіліп, мемлекеттік жеңілдіктерді алып жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Күмісбек Ахметовтың айтуынша, бұл бастама «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда. Қазір ауданда қара жерден нәпақа айырғысы келетін тұрғындар қатары артып келеді. Биыл 94,6 мың гектар жер игерілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 3 мың гектарға артық. Әбдімәлік Спатаев – «Ерсұлтан-агро» ЖШС директоры «Шаруашылықта 35 техника бар. Мұнда шаруалар «Стекловидный 24, «Красный водопад», «Память 47» бидай сұрыптарын еккен. Сонымен қатар арпамен сұлыны будандастырып, өнім алуда. Осы аптада 500 гектар мақсары өнімін ору жұмыстары басталды. Биылғы жыл ақ егіске қолайсыз болғанымен, қолда бар байлықты дер кезінде жинау жұмыстары жандануда». Кезінде өрісте мыңғырған қой өргізген ауданда түлік санын арттыру жұмыстары қолға алынған. Бәйдібекте қой саны 600 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға ұлғайған. Ірі қара саны 60 мыңға, жылқы 200 мыңға жеткен. Түйе басы да көбейіп, көптің көңілі жайланған. Алайда, биыл жем-шөп мәселесі күрделі. Десек те қыр шөбі ораққа ілінбей қалған ауылдар мал азығын бидай, арпа сабанымен толықтыруда.
К.Дүйсенбі