Түркістан облысында биыл 233 мың гектардан астам жерге масақты дақылдар егілген. Оның 191 мың гектары бидай болса, 42,5 мың гектары арпа. Жер емген диқандар егілген дәнді дақылдардың әр гектарынан 16 центнерден, яғни 374 мың тонна өнім жинауды мақсат етіп отыр, деп хабарлайды 24kz. Ал Қазығұрт ауданындағы іріленген шаруа қожалығы астық оруды аяқтап, жерді тыңайтуға көшкен. Жиналған өнімді тіпті ауылдастарына пай үлесімен артығымен таратып жатыр. Аталған ауданда биыл 87 мың гектарға жуық жерге күздік және жаздық бидай мен арпа егілген. Тұран Қасымбекұлының өндірістік кооператив құрып, жерге дән салғанына 10 жылдан асты. Жердің жайын жақсы білетін шаруа өткен жылға қарағанда, биыл астық түсімі төмен болғанын айтады. Бұған көктемгі жауын-шашынның аздығы әсер еткен. Дегенмен мемлекеттің шаруаға жеңілдікпен берген тыңайтқышының арқасында астық аз да болса, бітік шыққан. Тұран Жүнісов, өндірістік кооператив төрағасы: — Шаруа үшін жаман жыл болған жоқ. Болады. Әзір бидай, арпаны біттік. Жаман өнім берген жоқ. Әзір біткеннен кейін мақсарыны ору үстіндеміз. Мақсары да жаман өнім беріп жатқан жоқ. 15 гектар жер қазір центнеріне 12-ден айналып тұр гектарына шаққанда. Өткен жылмен салыстырғанда биыл өңірдегі тауар өндірушілерге жеңілдетілген бағамен берілетін минералды тыңайтқыштың көлемі 5 мың тоннаға артып, 85 мың тоннаны құраған. Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 38 мың тонна жанар-жағар май толығымен тауар өндірушілерге берілген. Марат Жолдасов, Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы: — Мемлекеттік қолдау жанар-жағармай толық қамтылды. Былтырғыдай үзіліс болған жоқ.Операторлар жақсы жұмыс жасады. Бәрі риза. Онымен қоса, егістік, суармалы тәлім жерлерге селитра тыңайтқыштармен қамтылып отыр. Қазір шаруашылық иесі мақсары оруды бастаған. Мұнда егін орағымен қатар мал азығын дайындау да қатар жүріп жатыр. Шаруа қожалығына біріккен, жері бар ұсақ шаруашылықтар дер кезінде өнімдерін алғанын айтады. Әлібек Пәпиев, өндірістік кооператив мүшесі: — Кооперативке жер үлесімді өткізіп, осында К-700-ын айдаймын. Айлық 80 мыңнан. Бала-шаға бағып отырмыз. Жем-шөбімізді аламыз. Ол тегін. Жағдайымыз жақсы. Жеке өзіміз шыққанымен бізге субсидия бермейді. Осы кісілерге қосылғаннан кейін оңайлау болып тұр. Бұл ірілінген қожалықтың меншігінде 1200 гектар егістік жер бар. 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған шаруашылықта егістікке арналған техниканың барлық түрі бар. Өндірістік кооперативке бүгінде 8 ұсақ шаруа қожалығы, екі серіктестік және бір шағын кооператив кірген. Қазір Тұран ақсақал басқаратын шаруашылық 130 отбасыны астықпен қамтамасыз етіп отыр.
НұрбекБайбосын