Түлкібас ауданы, Тастұмсық ауылдық округінің даму тұжырымдамасы бойынша ашылуы тиіс нысан – республикалық маңызы бар жол бойындағы аялдаманың салынуы. Мұндай аялдаманың басы Т.Рысқұлов ауылының кіре-беріс тұсында салынған болатын. Ендігі кезекте осы секілді аялдама Жаскешу, Азаттық, Тастұмсық ауылдарының тұсынан түспек. Тастұмсық ауылының Лермонтов атындағы жалпы орта мектебінің қасынан осы күні жеке кәсіпкер Умут Таштемировтің демеушілігімен жаңа аялдама соғылып жатыр, аялдаманың жартысы сусын, азық-түлік сататын шағын дүңгіршек болмақ. Енді аудан орталығына, көршілес облыстарға жолға шыққан жолаушылар жауын-шашын астында қалып абыржымайтын болды. Жазда сая, қыста ық-пана болатын аялдама тамыз айында халық игілігіне беріледі деп күтілуде. Бұл Елтай Дүйсенбаев атындағы көше. Еңбек ардагері, ауылшаруашылығы саласының білгір маманы Е.Дүйсенбаевтың перзенттері ата рухы және халық разылығы үшін өз қалталарынан қаржы шығарып, осы көшенің бойындағы 172 үйдің сыртына нумерациялық сан жазылған пошталық индексін орнатып берген. Қазіргі таңда көшелер ретке келтірілген.
Жарияланды: 12.08.2018