Жарияланды: 14.11.2023

“Аяла” қайырымдылық қоры — бала жанының арашашысы

фото Аяла.кз

Бала денсаулығының болуы — болашақтың жарқындығы. Жер жүзінде бір тәулік ішінде қауіпті дерттен 7000 сәби көз жұмады. Әлемнің әр түкпірінде осы мәселемен күресу үшін мыңдаған қорлар мен жобалар өнімді жұмыс істеп жатыр. Елімізде осы тақырып бойынша “Аяла” қайырымдылық қоры 2007 жылдан бері еңбек етіп келеді. Күні бүгінге дейін аталмыш қор 5 жарым миллиард теңгеден аса қаражат жинаған. 200 мыңнан астам баланың ауруын ауыздықтап, оларға жаңа өмір сыйлады.

“Аяла” қоры мақсатты, алгоритмді, ашық жұмыс істейді. Қорға мемлекеттік маңызы бар “Шеврон” сынды ірі компаниялар демеушілік етеді. Сондай-ақ, “Аяла” жеке тұлғалар есебінен де қаржыланады. Жиналатын ірі соммаға қайырымдылық бағдарламалар мен жобаларды іске қосады. Ондағы басты мақсат — кәмелетке толмағандардың сал ауруынан айықтырып, бала өлімін азайту.Бүгінде қордың «Өмір сыйлайық», «Басқарылатын гипотермия», «Ретинопатия» сияқты ауқымды қайырымдылық жобалары қоғам арасында танымал.

“Аяла” қоры перзентханалар мен балалар ауруханасының жабдықтар қорын  байытумен де тұрақты түрде шұғылданып келеді. Алдыңғы жылғы статистика бойынша өңірлердегі 13 қалаға 83 медициналвқ жабдық жеткізілді. Перзентханалардың үштен бірін автоматты гипотермия кезінде көмектесетін аппараттармен қамтамасыз етті. Сол жабдықтардың арқасында перинаталдық орталықтардағы 330-дан астам нәресте өмірге аман-сау келді.

Қазіргі таңда науқас баласы үшін ем іздеп шетке ағылатын ата-аналар аз емес. Осы мәселені шешу үшін “Аяла “қоры  балалар дәрігерлерінің білім сапасын жақсартуды қолға алды. Өткен жылы “Өмір сыйлайық” жобасының аясында “Шеврон” компаниясының қаражат құюымен еліміздің 20 аймағының УДЗ мамандарын бір апталық біліктілік курсына шақырды.

Қазақстанда балалар мүгедектігінің өсу динамикасы — өте өрескел. Байқағанымыз, 2017 жылдан бері арнайы статусы бар балалар саны екі есеге артқан. Нәтижесінде, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың саны 100 мыңнан асып жығылған. Осы орайда, туа біткен немесе жүре пайда болған кемістігі бар, есту, көру мүмкіндігі шектеулі балаларға қоғамға бейімделіп, әлеуметтік өмірге сіңісуге қолдау білдіріп, инклюзивті білім беруді жандандырып келеді.

Қор науқастығы барлардан өзге жетім балалар мен аз қамтылған отбасылардан шыққандарды да тасада қалдырған емес. Үш бірдей мектеп-интернатын тұрақты түрде қаржыландырып, ата-ана мейірімінен ерте қалғандарға материалдық көмек қолын созып отыр.

Оған қоса, асыраушысы мен қамқоршысы жоқ балалардың болашағының жарқын болуы үшін бағдар беріп, моральдық және психологиялық кеңестер ұсынып отырады.

Халықтан жиған жылуға асқан жауапкершілікпен қарайтын “Аяла” ұжымы белгіленген алгоритмдер бойынша қимылдайды. Алдымен проблеманы табады, оған анализ жасайды, билік аймақтық басқармалар мен министрліктерден жобаны іске асыру хақында ақылдасып, әрі қарай жұмыстанады. Қаржы құйған ұйымдар мен тұлғалар алдында әрдайым есеп беріп отырады. Аяланың арқасында халық басқа түскен қиындықты бірігіп жеңуге, жетімін жылатпауға, қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға болатынын ұғынып, оны жүзеге асырып келеді.

Сәдуақас Шаттық

639 қаралым